Алматыдағы шағын аудан халқының кәріз жүйесінен жүйкесі жұқарды

Алматыдағы «Өжет» ықшам ауданы тұрғындарының жүйкесін су мен кәріз жүйесі жұқартты. Үш жылдан бері үш көшеде су тапшы, ескі кәріз жүйесі істен шыққан. Көшелері де жөнделгемен. Қаланың шеткері ауданына инфрақұрылым игілігі неліктен жетпей жатыр?

«Өжет» шағын ауданындағы Бекболат көшесінің сиқы осындай. 15 жыл бұрын осы аймақта жер бөлініп, жаңа үйлер салынып, тұрғын саны ұлғайды. Алайда орталықтандырылған су мен кәріз жүйесі істен шыққан.

«Бұл жер саздауыт болғандықтан көктем-күзде көше мен үй ауласына су тез жиналады», - дейді тұрғындар.

Алмагүл  Қилыбаева, қала тұрғыны:

- Жылда қар еріп, жауын жауса болды ауламызды су басады. Арық жоқ. Кәріз жүйесінің сиқы мынау. Сондықтан ай сайын су сорғыштарды шақыртуға мәжбүрмін. Қызметіне 16 мың теңге алады. Кейде айына екі рет шығынданамын. Сол үшін қарызға кіретін де кездерім болады.

Көше тұрғындары Алатау ауданы әкімдігінен кәріз жүйесін жөндеп беруді үш жылдан бері талап етіп келеді. Бірақ нақты атқарылып жатқан шаруа шамалы.  

Талғат Баймұханов,  қала тұрғыны:

- Көше деп айтуға келмейді. Қазір айтып жатыр жылдамдатып асфальт саламыз деп. Егер асфальт салатын болса бұл жерде екінші мәселе канализация жүргізілмеген және су тартылмаған. Бұл мәселе жайында Алатау әкімшілігіне шағымданғанбыз. Айтылған. Олар хабардар бұл мәселе жайында. Әзірге уақытта енді ештеңе істелінген жоқ.

Ал Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері болса ықшам ауданда ескірген су жүйесін ауыстыру жұмысы 2019 жылдан бері жобаға сай атқарылып жатқанын айтады. Оған қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жауапты. Сол жылы ауданның оңтүстік бөлігінде 9 шақырым су және 8 шақырым кәріз жүйесі тартылған. Бірақ кейбір жерлерінде құрылыс толық аяқталмай қалған.

Басқарма мамандарының айтуынша, енді бұл жұмыс биыл толық бітіп, халық суға қосылады.  

Еркебұлан Қайыржанұлы, қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Осы жылдың үшінші тоқсанында желілерді Алматы су теңгеріміне беру жұмыстары аяқталады. Су, кәріз желілерімен пайдалануға мүмкіндік болады. 

«Өжеттің» Бекболат пен Садуақасов көшелерінде мыңға жуық адам тұрады. Ауыз суды өз ауласынан шығарып алғандар да бар. Бірақ басым бөлігі орталықтандырылған су жүйесіне қосылар күнді күтеді. Жалпы «Өжеттің» оңтүстік аумағындағы су мен кәріз жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмысына 839 млн теңге қаржы бөлініпті. Су тартуға бөлінген қаржы суға кетпесе игі.

Авторлар: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев