Алматы облысында вакцинациядан кейін дәрігер қайтыс болғаны туралы ақпарат – фейк

Facebook әлеуметтік желісінде Алматы облысының Іле ауданында гинеколог-дәрігер қайтыс болғаны туралы хабарлама тарады. Пост авторының сөзінше, оның өліміне коронавирустық инфекцияға қарсы екпе себеп болған. Бұл – жалған ақпарат, деп хабарлады stopfake.kz.

Қосөзен ауылының дәрігері COVID-19-ға қарсы егілмеген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады.

«Биылғы бесінші наурызда Алматы облысы Іле ауданы Қосөзен ауылында 1965 жылы туған акушер ауырып қалды. Науқас 9 наурызда жедел жәрдем бригадасымен фильтрге жеткізіліп, «Коды U 07.2 сол жақ өкпелік пневмония, сатурация 89%» диагнозымен ОАА инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды. 23 наурызда ол қайтыс болды. Өлімнен кейінгі диагноз: «Жүрек-қан тамыр жүйесінің жетіспеушілігі», қайталама диагноз: «Коды U 07.2 анықталмаған пневмония». Марқұмға КВИ-ге қарсы екпе салынбаған», – деп хабарлады ведомстводан.

Оны дәрігер жұмыс істеген Іле орталық ауруханасында да растады. Олардың айтуынша, марқұмның медициналық қарсы көрсетілімдері болғандықтан, оған COVID-19-ға қарсы екпе жасалмаған.

Айта кетейік, Facebook-тегі посттың авторы кейіннен өзінің қателігін мойындап, «медицина қызметкері пневмониядан қайтыс болды, бірақ вакцина алмаған» деп жазды.