Елордада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 24%-ке өсті

Елордада тәулігіне 230 адамнан вирус анықталуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ай бұрын күніне жүзден аса адам тіркелетін. Соңғы аптада ауру жұқтыру көрсеткіші 24%-ке өскен. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты. Бас қала 17 күннен бері «қызыл» аймақта тұр. «Сақтық шараларын күшейтпесек, індеттің қайта өршуі мүмкін», - дейді мамандар.

Қазір қалада 480 адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың 55-і жансақтау бөліміне жатқызылған. 14 науқас жасанды демалу аппаратына қосылған. Соңғы аптада науқастармен байланыста болғандар саны да 10%-ке өскен.

Тимур Мұратов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда қаламызда коронавирустың бүгінгі жағдайы тұрақсыз. Індеттің өршуі бойынша елорда әлі «қызыл» аймақта тұр. 14 наурыздан бастап инфекцияны жұқтыру 24%-ке өсті. COVID-19 науқастардың өсімі Наурыз мейрамынан кейін байқалды. Бұл санитарлық нормаларды сақтамай, адамдар шоғырланған орындарға бару, карантиндік режимді бұзудан болып отыр.

Наурыз айында оффлайн оқитын балалар арасында вирус жұқтыру 10%-ке өскен. Жыл басталғалы 145 оқушы ковидпен ауырған. Жалпы осы індет таралғалы балалар арасында 1590 жағдай тіркеліпті. Осы айда 2 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында ауырғандар саны 1,5 есеге өскен. Мамандар бұл жағдайға алаңдап отыр.

Сархат Бейсенова, қаланың бас санитар дәрігері:

- Өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 1,6 есеге, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалады. Қазіргі таңда белсенді ошақтар саны – 1517. Оның ішінде үй ошағы – 987, ұйымдастырылған – 538.

Қазір елорда дәрігерлері екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. 11 стационар ұйымдастырылды. Қажет болған жағдайда 3 медициналық мекеме жанынан 300 төсек-орын ашылуы мүмкін. Елордада 10 мыңға жуық адам вакцина алған. Олардың жартысы дәрігерлер. Сәуір айының екінші жартысынан бастап қала тұрғындарын жаппай вакциналау басталады.