Алматыда құмырсқаның илеуіне теңелген құрылыс тоқтатылды

Алматыдағы бұрынғы «Жеміс консерві комбинатының» аумағында тұрғын үй кешені құрылысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі алматылықтардың наразылығын тудырған жобаның кемшін тұстары көп болып шықты. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, мердігер ұсынған 17 қабатты 57 үйдің жобалық құжаты талапқа сай емес. Басқарманың ұсынысы бойынша құрылыс салушы компания үйлердің тығыздығын, қалалық инженерлік желілерге түсетін жүктемені ескере отырып, жаңа эскиздік жоба әзірлеуі керек. Онда әлеуметтік объектілер, мектеп пен балабақша да қарастырылуы тиіс. Кешеннің жаңа жобасы барлық қажетті процедуралардан және қоғамдық талқылаудан өтуі қажет. Онсыз да самал желге жете алмай отырған алматылық белсенділер бұл жобаны құмырсқаның илеуіне теңеген еді.

Константин Авершин, қалалық мәслихат депутаты:

- Мұндай құрылыстар мұқият зерттеуді қажет етеді. Себебі, Алматы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Инженерлік желілерді де естен шығармаған жөн. Қалада электр энергиясы, сумен қамту және кәріз жүйесінде қиындықтар бар. Егер құжат жобасына сенсек 13 гектар жерде 57 көп қабатты үй болады. Бұл мәселе қалалық әкімдіктің және мәслихаттың бақылауында. Қала тұрғындарының наразылығы орынды деп есептеймін.