БҚО-да эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады

Батыс Қазақстан облысында 1 наурыздан бері 1589 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл өңір «қызыл» аймақ санатында. 195 орындық 4 карантиндік стационарда 20 науқас жатса, 8 инфекциялық стационарда 300-ден аса адам емделіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 4 371 адам екпе салдырған. Олардың қатарында педагогтар мен күштік құрылым қызметкерлері бар. Мониторингтік топтар 442 рейд жүргізіп, ереже бұзған нысандарға 787 590 теңге көлемінде айыппұл салған.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің БҚО бойынша қаулысы күшінде. Бүгінгі таңда сенбі-жексенбі күндері жабық базарлар, сауда үйлері жұмыс істемейді. Сауна, СПА, бассейндер, спорттық кешендер барлығы да сенбі-жексенбі күндері жұмыстарын тоқтатқан болатын. Тұрғындардан сұрайтынымыз, жеке бас гигиенаны ұмытпау қажет. Бетперде әлі киіп жүру керек. Көп шоғырланатын жерлерге бармау керек.