Павлодар облысындағы мал өсіретін шаруашылық банкротқа ұшырауы мүмкін

Павлодар облысындағы ірі шаруашылық банкроттың алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Себебі, асыл тұқымды мал әкелген тасымалдаушы келісімшарт міндеттемелерін орындамаған.

Ал төрт түлік несиеге сатып алынған. Фермердің айтуынша, тасымалдаушы 240 ірі қараның жартысына жуығын ғана әкеліп берген. Қалғанын әлі күнге дейін жеткізбеген. Бұл даудың соңы сотқа ұласты. Шаруашылық өкілдері сотта жеңіске жеткен. Бірақ Жоғарғы сот инстанциясы бұл шешімнің күшін жойған. Сөйтіп, бұл жолы шаруа тасымалдаушыға қарыз болып қалды.

Ербол Әбішев, тілші:

- Бұл – Ертіс өңіріндегі ірі ет өндіруші кәсіпорын. 10 жыл ішінде асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие болған. 2019 жылдың күзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 180 млн теңгенің несиесін алған. Бұл қаражатқа импортты мал басын сатып алуды жоспарлаған. Тасымалдаушымен 240 сиырды әкелу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Операторға қаражаттың алғашқы бөлігін аударып та үлгерді. Бірақ тығырыққа тірелді.

Мүбарак Наукенов, шаруа қожалығының басшысы:

- «Agroexport LTD» өз міндеттерін орындаған жоқ. Олар бізге 101 мал басын жеткізіп берді. Біз келісілген соманың 70%-ін, яғни 126 млн теңгесін төлеп қойдық. Олар небәрі 40%-ін тасымалдап берді. Бүгінде осы компанияда 76 мал қалды. Бұл 50 млн 250 мың теңге деген сөз.

Уәде етілмеген мал сол күйі әкелінбеді. Шаруашылық тасымалдаушыға қатысты Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың көмегіне жүгінді. Кәсіпорын сотта жеңіске жетті. Сот үкімі бойынша тасымалдаушыдан қайтарылмаған қаражат өндірілуі тиіс болған. Бірақ олар сот шешімін аппеляциялық тәртіппен жоққа шығарды.

Мұхтар Батырбаев, адвокат:

- Ақмола облыстық соты қарама-қайшы шешім қабылдады. Керісінше, шаруа қожалығы кінәлі болып қалды. Шаруа қожалығынан белгіленген қаражат өндірілді, сонымен қатар басқа шығындар бар. Яғни, шаруа қожалығы мен ЖШС арасындағы келісімшарттың ешқандай заңды күші жоқ болып шықты. Соттағы тәжірибемде осындай жағдайды бірінші рет көруім.

«Agroexport LTD» компаниясының үйлестірушісі телефон арқылы шаруашылық сот шешімін орындауы тиіс екенін айтты.

Татьяна Зырянова, «Agroexport LTD» ЖШС өкілі:

- Соттың шешімі заңды деп есептейміз. Себебі, Азаматтық кодекспен келісімшарттар біржақты бас тарту қарастырылмаған. Оған қоса, шаруа қожалығы ақау жөніндегі акті құрастырмаған. Жануарлардың жағдайына қатысты шағымдарын бағыттаған жоқ. Сот процесінде ғана ірі қараның арық болғанына шағым айтылды. Іс жүзіндегі дәлелдемелер соттың бірінші және апелляциялық инстанцияларына ұсынылған жоқ.

Айта кетейік, шаруашылық несиелік қаражатты мақсатты пайдалану бойынша есеп беруі тиіс. Бірақ фермер сатып алынған тауарын құжат жөнінде дәлелдей алмайды. Оның айтуынша, қайтарылуы тиіс 50 млн теңге үшін есеп бере алмай отыр.

Досым Моменжанов, несиелік серіктестік төрағасы:

- Шаруашылық қаражатты ішінара мақсатты қолданбаған. Олар «Agroexport LTD» жеткізбеген малдың құнын пайдаланғанын көрсете алмай отыр. Бүгінде «Тамыр» несиелік серіктестігі «Ақпура» шару ақожалығына пайдаланбаған 50 млн теңгенің 25%-і көлемінде айыппұл салуы керек. Бұл – 12,5 млн теңге.

Шаруашылық асыл тұқымы мал сатып алу үшін басқа оператормен келісімшартқа отырған. Бұл үшін ол қолында қалған несие қаражатының 30%-ін жұмсаған. Бірақ осы кезде Жоғарғы соттың шешімі шықты. Органның шешімімен фермер арыз берушіге 116 млн теңгені қайтару керек. Бұған қоса, несиелік серіктістіктің айыппұлын қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылық құрдымға кетуі мүмкін. Амалы қалмаған фермер Жоғарғы соттың төрағасы мен ел Президентінің көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Авторлары: Ербол Әбішев, Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков