Ақмола облысында алименттен жалтарған 15 адамның көлігі тәркіленді

Ақмола облысында баласына алимент төлеуден жалтарған 15 адамның көлігі тәркіленді.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды. Олардың жалпы берешегі 20 млн теңгеден асады. Мәселен, жақында 20 жылға жуық алимент төлемей, қарызы 6 миллион теңгеден асқан борышкердің Nissan Maxima маркалы автокөлігі айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар жыл басынан бері тағы 85 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, үшеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

«Ал, 47 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - дейді құзырлы орган өкілдері. Жаза қолданудың арқасында алимент бойынша қарыздар сомасы 657 миллион теңгеден 300 миллион теңгеге дейін азайған.

Жанат Тұрәлінов, облыстық прокуратура басқарма басшысының орынбасары:

- Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 250 млн теңге алимент 4 мыңнан астам балаға төленді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Борышкерлердің мүлкін тәркілеу, оларды жұмысқа орналастыру. Ал, бұл жұмыстардың барлығы облыстық прокуратураның бақылауында.