Алматыда вирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамға ұқсас белгілері анықталды

Алматыда коронавирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамға ұқсас белгілері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мегаполис дерт жұқтыру көрсеткіші бойынша да тізімнің басында тұр. Жыл басынан бері 13 000-ға жуық адам вирус жұқтырған. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы Алматыға жұмыс сапарымен барды.

Алматы қаласы коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша қазір «қызыл» аймақта тұр. Дертке шалдыққандар саны күннен күнге көбейіп барады. Өткен тәулікте ғана 330 алматылық қауіпті вирус жұқтырған. Ең сорақысы, вирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамға ұқсас белгілері анықталған. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады. Яғни, алаңдауға негіз бар. Осы орайда науқастарды орналастыруға 5200 орын дайындалған. Денсаулық сақтау министрі халықтың вакцина салдыруға ықыласты екенін жеткізді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазақстанға 150 мың доза вакцина жеткізілді. Келесі аптаға дейін сіздерге жетеді. Алматылық хабта 600 мың дозасы өндірілді. Яғни қарағандылық фармацевтикалық зауытта қазірдің өзінде 750 мың доза вакцина бар. Апта көлемінде олардың бәрін жеткіземіз.

Алексей Цой қаладағы №7 аурухана мен №4 емханада болды. Мамандардың дайындығын көрді. Ең бастысы, вируспен күресуге барлық мүмкінідік бар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Келесі аптада сіздерге вакциналар жеткізіледі. Біз алғашында халықтың екпеге деген сенімін арттыруды көздедік. Халық арасында ерікті түрде вакцина салдыруға ниеттілер қатары артты.

Алексей Цойдың айтуынша, сәуірде елге 3 млн доза вакцина жеткізіледі. Оның дені қарағандылық фармацевтикалық зауыттың өнімі. Ресейлік «Спутник V» және «Спутник Lite» вакцинасы жеткізіледі. Әлем бойынша сенімді екпе саналатын «Синофак» пен «Файзер» өнімдерін жеткізу бойынша да келісім жасалып жатыр.Қазір ел ішінде вакциналау жұмысы қарқынды. Әсіресе, бұл орайда мұғалімдер белсенділік танытқан.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 19 мың мұғалімнің 3,5 мыңы екпе салдырды. Бұл өте маңызды. Бір мұғалім бір сыныпқа инфекция таратуы мүмкін ғой. Сондықтан да соңғы тоқсанда өтініш білдірген барлық мұғалімнің вакцина алуын қадағалау керек.

Енді бірінші сәуірде вакциналаудың арнайы есебі жүргізіле бастайды. Демек, вирус жұқтырғандар ғана емес, вакцина салдырғандар жайлы дерек те көпшілікке қолжетімді болмақ.

Авторы: Мерей Мұратханқызы