Шымкентте хор ұжымы ғимаратсыз қалды

Шымкентте жабылып қалудың алдында тұрған хор ұжымы қалалық әкімдік алдына жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

40 жылдан астам тарихы бар ардагерлерден құралған ұжым ғимаратсыз және бас концертмейстерсіз қалуы мүмкін. Бұған дейін қалалық опера және балет театры ғимаратында дайындық өткізіп келген хор өкілдері осы мәселелерді айтып, жауаптылардың есігін қанша қаққанымен нақты көмекке қолжеткізе алмапты. 

Қалалық әкімдік алдында ән шырқап тұрған хор ұжымы жауаптылардың назарын осылай аудартудан басқа амал қалмады деп отыр. Себебі, дайындық жүргізетін ғимаратсыз қалған ардагерлер мәселелерін айтып, жоғарыдағыларға жеткізе алмаған. Бұған дейін қалалық опера және балет театрында дайындық өткізіп келген өнер ұжымына мекеменің жаңа басшылығы кіруге рұқсат бермей қойыпты. Енді басшылары мәдениет үйімен келісімшарт жасамайтын болса, жетекшісіз әрі ғимаратсыз қалған ұжым мүлдем тарап кетуі мүмкін.

Оңалбек Жақсыбай, хор ұжымының мүшесі:

– Осындай үлкен хор егер шынымен тарқап кетсе, ол өте бір өкінішті болайын деп тұр. Бірінші мынау тұратын жер репетиция жасайтын жер, екінші екі адамға ақша төлеу. Басқа көп сұрап тұрғанымыз жоқ, менің ойымша.

Хор ұжымы үшін шыр-пыр болып жүрген қариялардың алдына қалалық мәдениет басқармасының басшысы шықты. Жағдайдан бейхабармыз деген ол мәселені шешуге көмектесетінін түсіндіріп бақты. Оның айтуынша, алдымен өнер ұжымы заң аясында тіркелуі тиіс.

Ханзада Есенова, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

– Екі адам тек біздің мәдениет үйі концерттік мекемесінде жұмыс істейді. Олар зейнетте болған соң, біреуінің келісімшарты наурыз айында бітті, екіншісі жарты ставкада концертмейтер штатында тұрған, ол шілде айында бітеді. Сол себеппен олар үлкен кісілер, оның үстіне зейнетке шығып кеткен еді. Көру керек қалай жағдай жасау керек екенін. Олар ақшаны бізден алып, осы хормен жұмыс істейді. Сол себептен жан-жақты қарап, заңға сәйкес көру керек.

Ал ардагерлерден құралған хор ұжымы бұған дейін де жағдайларын айтып жауаптылардың есігін қаққандарын айтады. Мәселен, наурыз айының 5-інде қала әкімінің бірінші орынбасарының қабылдауына жазылған екен. Алайда белгісіз себептермен кездесу өтпей қалыпты. Мәселе жуық арада шешімін таппаса, өнер ұжымы тағы да жиналып шу шығарамыз деп тарқасты.

Автор: Ғалымжан Кенжебеков