Алматыда коронавирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталды

Коронавирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Алматының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қала тұрғындарын маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауға және көпшілік жиналатын орындарға бармауға шақырып, үндеу жасады.

Мутацияға ұшыраған штамм алдыңғысынан жұқтыру көрсеткіші жағынан 70 процентке дейін жоғары. Яғни, әлдеқайда қауіпті. Оның үстіне базалық түріне қарағанда өте тез тарайды. Сондықтан, сақтық шаралары күшейтіледі. Бүгінгі таңда қалада қауіпті вирусты жұқтырудың жоғары деңгейі сақталып отыр. Еске сала кетейік, Алматы қазір қызыл аймақта. Жыл басынан бері мегополисте 12 800 адам осы індетке шалдыққан.   

Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

Өзгерістер байқалған аймақтарда геномдық реттеу нәтижелері белгілі болды. Британдық және оңтүстікафрикалық коронавирусқа тән мутация анықталды. Қалада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қала тұрғындарының назарын осы жағдайға ерекше аударғымыз келеді. Бүгінгі күні вирустан қорғанудың жалғыз жолы бұл вацинация болып табылады. Сәуір айында тағы вакцина күтіп отырмыз. Сонымен қатар Алматыда 2 млн тұрғыны бар екенін және көші-қонның жоғары деңгейін ескере отырып, жаңа штамдар аясында барлықтарыңызды коронавирус індетіне қарсы шараларды күшейтуге шақырамын.