Түркістан облысында трактор тізгіндеген қыз тұрады

Түркістан облысында трактор тізгіндеген қыз тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісайлық Арайлым Асылбекқызы 12 жасында ауыр техниканы меңгеріп, әлі күнге жүргізіп жүр. Алғашында әкесінің қасында жүрген бойжеткен қазір бір өзі күніне 10 гектар жер жыртып, егіске дайындайды. Үлбіреген нәзік қыздың трактор айдағанына үрке қарағандар енді Арайлымға «жер жыртып берші» деп жалынатын көрінеді.

Арайлым Асылбекқызы отбасындағы үш перзенттің кенжесі. Алдында екі ағасы бар. Әкесі – Асылбек 30 жыл трактор айдаған білікті механизатор. Бойжеткен кішкентайынан әкесі мен ағаларына еріп, темір-терсек пен техниканың арасында өскен. Алғашында әкесі трактор жөндегенде қасында көмекші болыпты. 11 жасынан бастап техникаға әуестенген. 12 жасында тракторды өзі айдап кете беретін болған. Бастапқыда «техника қызбалаға қол емес, одан да кесте тігуді үйренбейсің бе?» дегендер де болыпты. Алайда көңілі ауған іске ынтасымен берілетін бойжеткен көптің сөзін елең қылмағанын айтады.

Арайлым Құршанбек, тракторшы қыз:

– Ең алдымен әкемнің қасында жүріп басталды. Қасында жүрем, қасында отырамын. Кейін ол жоқта өзім айдап кетіп, солай үйрендім. Қиын емес негізі. Көбісі қызықпайды ғой. Басында қарсы болғанда «қыз балаға болмайды» дегендер болды. «Болашағыңа, саған болмайды» деген әңгімелер айтылды. Бірақ өзімнің қызығушылығым болғандықтан, үйдегілер қолдады, қарсы емес.

Арайлым 2003 жылы Жетісай ауданына қарасты Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Биыл жасы 18-де. Соңғы 2 жылдан бері алқап басында жалғыз өзі жер жыртып, тұқым сеуіп жүр. Кәдімгі тракторшы биыл жоғары оқу орнына түсіп, тіс дәрігері мамандығы бойынша білім алуда. Алайда сабақ онлайн болғандықтан, көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалану үшін ағасы екеуі күні-түні кезектесіп трактор айдауда. Оған әкесі де, өзі де риза.

Асылбек Аханшаев, Арайлымның әкесі:

– Мен өзі кімнің көңілі нені қалайды, бетін қайтармайтын адаммын. Қызыма айттым, «құдай сақтасын ештеңе болмайды» дедім. Қызым айдай берді әрі қарай. Шынын айтқанда милициялар ұстап алған кезде болды. Негізі басқа техникаға қарағанда тракторды жақсы меңгереді. Түнде жұмысқа баратын кезде 3-4-те болсын тұрып, жәрдем береді. Кейін трактор айдама деп қалай ұрысасың?

Қазір трактордың құлағында ойнайтын бойжеткен техникасы бұзылғанда өзі жөндеп алады. Алғашында қыз баланың ауыр техниканы тізгіндеуіне қарсылық білдірген ағайын-туыс уақыт өте келе бәрін түсінген. Қазір ауласындағы жерін жыртқызу үшін Арайлымға жалынатындары да бар. Қазір қарбалас шақ болғандықтан Арайлым күніне 10 гектарға дейін жер жыртады. Жастайынан еңбекпен шыңдалған ару болашақта өз мақсатына жететініне сенімді.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...