Ит жақсысы – тазы

Иттің бәрі тазы емес. Қостанайлық Игілік Қарманов жарты ғасырға жуық құмай тазыларды сақтап қалудың қамымен жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жеті қазынаға» жататын құндылығымызды ертерек есепке алмаса, өзге ел иемденіп немесе құрып кетуі мүмкін» дейді. Ол жыл сайын көрме ұйымдастыру қажеттігін айтады. Сонда ғана тазы ұстаушылар қатары еселене түсетініне сенімді.

Заречный ауылының тұрғыны Игілік Қарманов ес білгелі тазының таза тұқымын сақтаумен келеді. Қазір төрт тазысы бар. Тұқымдарын Ақтөбе, Қарағандыдан алдыртқан. Иттер мал қораның бір шетіне жайғасқан.

Игілік Қарманов, тазы асыраушы:

– Тазы жарғақ құлақ және шашақ құлақ боп екіге бөлінеді. Жарғақ құлақ дегеніміз – денесінде жүн болмайды, тақыр болады. Ауа райына байланысты Батыста, көбінесе ыстық жерде жарғақ құлақ, яғни тақыр тазылар көп мекендеген. Ал Орталық Қазақстанда, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Ақмола облыстарында өзіміздің құмай тазы деп айтамыз, шашақ құлақ қысқа, суыққа бейімделген тазылар.

Жүгірген тазының жылдамдығы сағатына 70-80 шақырымға дейін жетеді. Дұрыс бағып-қақса, түлкі, қоян, ал жүректісі қасқыр алады.

Серік Смағұлов, аңшы:

Жетісіне екі-үш рет қоянға шығамыз тазыларымызбен. Олжалар әртүрлі. Бір қоян болады. Кейбір кезде бес қоян аламыз. Төрт-бес сағат кетіп қаламыз. Кейде қараңғы түскенше жүреміз.

Сәкен Қарманов, тазы асыраушы:

– Багира деген ұрғашы тазы. Жасы 2-де. Құмай тазы. Шашақ құлақ. Аңды аулағанда қоянның, түлкінің терісін жыртпай, қожайыны келгенше ұстап тұрады. Өте адал. Біреуі жүйрік болады. Біреуі алғыр болады. Біреуі тез бұрылады.

Облыс аумағында тазы ұстаушылар Амангелді, Наурызым ауданында ғана бар. Яғни саны некен-саяқ. «Итбегілердің басын жиі қосып тұрса, ұлттық құндылығымызға тиісінше көңіл бөлінер еді», - дейді Игілік Қарманов. Ал қоянға, түлкіге жүгіртіп, тазылардың алғырлығын байқайтын сайыстар қызығушылық танытушылардың қатарын еселей түсуі ғажап емес.

Игілік Қарманов, тазы асыраушы:

– Әділқазылар болады. Алматыда, Астанада бар. Сол кісілерді шақырып облыс көлемінде біз көрме өткізуіміз керек. Тазының мүшесін, бойын, басының, құйрығының ұзындығын өлшейтін кәдімгі лицензиясы бар сарапшылар бар. Сол кезде тазы ұстайтын аңшылардың басы қосылар еді.

Тазының өзге иттен ерекшелігі сол бұлар өлексе жемейді, лас жерде жатпайды. Күніне екі рет тамақтандырса да жеткілікті. Бірақ ет болғаны абзал. Ал келесі күні құнарлы сорпамен шектелсе де болады. Ал аңшылыққа шығар алдында бір күн бұрын шикі ет беруден бас тартқан жөн. Себебі тазының жүйріктігі жоғалады, демі жетпей қалады.

Қазақы тазыны тіркеу мәселесі өзекті бүгінде. Себебі құжатсыз қанша жерден асыл тұқымды болса да, қазақы тазы көп иттің бірі боп қала береді. Игілік Қарманов осы олқылықтың орнын толтыруды армандайды. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров