Аралдың табанына 180 млн түп сексеуіл егіледі

Арал теңізінің тартылған табаны 6 миллион гектарды құрайды. Оның 3 жарым миллионы Өзбекстан аумағында жатыр. Қар еріп, тоң жібігенде бұл аумақта жарты жыл құмды дауыл соғып тұрады. Экологиялық ахуалды түзеп, құм көшкінін тоқтату мақсатында аңқасы кепкен ұлтанға 180 миллион түп сексеуіл көшеті егіледі. Қазір өңірдегі орман алқаптары көлемін ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, тал егу жұмыстары басталып кетті. Агротехникалық талаптарға сәйкес теңіз табанының 213 мың гектарын көгалдандыру шаралары көктем және күз мезгілінде жүргізіледі.

Тереңдігі 60 метр шалқар айдын болды дегенге көз сенбейтін құмды, шөлді аумақтың 200 мыңдай гектарына бұған дейін де сексеуіл отырғызылды. Қазір олардың биіктігі 2 метрге жуықтап қалды.

Мамандардың айтуынша, 1 түп сексеуіл 4 тоннадай құмды ұстап қалатын көрінеді. Сондықтан өңір орманшылары томар тамырын тереңге жаятын ағаш көшеттерін дайындайтын тұқымбақ аумағын 100 гектарға дейін ұлғайтып отыр.

Тілепбай Емекешов, «Арал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» ММ директоры:

- Мемлекеттік мекеменің жоспары бойынша 3 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызу керек. Оның мың гектарын осы көктемде отырғызуды бастадық. Көктемде 1 млн 800 мың түп көшет отырғызылады. Күзде 2 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себілетін болады. 30 адам жұмылдырылып және орман отырғызу агрегаттары, техникасы Арал теңізінің ұлтанында жұмыстарды атқарып жатыр.

Жалпы биылғы жоспар бойынша 11 миллион 300 мың, келесі жылы 41 миллион түп сексеуіл көшеті егіледі. Межені орындауға өңірдегі 8 орман шаруашылығының мамандары мен техникасы жұмылдырылған. Бірақ қолдағы техникалық қондырғы-құрылғылардың 30%-і ғана жарамды екен.

Жұлдызай Айтжанова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Соған байланысты қаржы және экология министрлігіне техниканы қамтамасыз ету үшін 1 млрд 800 млн теңге өтініш тапсырып қойдық. Облыс әкімі де хабардар, қаржыны алуға жұмыс жасап жатырмыз министрліктермен. Қалған қызметкерлердің, маусымдық жұмысшылардың шығындарын облыстық бюджеттен қаржыландыруға жұмыс жасалады.   

Кезінде балығы тайдай тулап, шағаласы шулаған теңіз аумағындағы тіршілікті тірілтіп, ең болмаса аң-құсты қайтару керек. Ауқымды жобаның негізгі мақсаты да сол.  

Авторлар: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев