Ақмола облысында мұз жару жұмыстары басталды

Ақмола облысында өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары басталды. Алғашқылардың бірі болып Көкшетаудағы Қопа көлінің мұзы арнайы жарылғыш заттың көмегімен ойылды.

Бұл су айдынының Қылшақты өзені келіп құятын тұсы. Өткен жылы аталған өзен арнасынан тасып, маңайдағы үйлерді су басқан еді.

Мамандардың айтуынша, биыл олар тасқынға тас-түйін дайын. Күзде өзен жағасында орналасқан 2 мектеп пен 100-ден астам баспананың маңайы инертті материалдармен қоршалған. Алайда апаттың айтып келмейтінін де ескерген жөн. Аудандардағы жағдай да қиын болуы мүмкін. Өйткені аймақта 125 елді мекенді су басу қаупі бар. Қардың жаппай еруі, сәуір айының 10-ынан кейін басталады екен. Оған дейін алдын алу шаралары жүргізіледі.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД басшысы:

- Қазіргі таңда ең қауіпті аудандар бізде мынау: Целиноград, Аршалы ауданы, Атбасар ауданы, Көкшетау қаласы және Сандықтау ауданы. Ол жерлерде қазір жергілікті атқарушы органдары, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері мұз жару жұмыстарын жүргізіп жатыр бүгіннен бастап. Сәуір айының басында ол аудандарға мынау біздің департаменттің, ТЖД күштері жіберіледі.