Ақтауда денені тілместен наркозсыз бірегей операция жасалды

Маңғыстау облысында алғаш рет кардио- және интервенциялық хирургия орталығы ашылды. Жекеменшік клиникада құрылған мекемеде тұрғындарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін қызмет көрсетіледі. Заманауи техниканың көмегімен жабдықталған орталық өңірде бұрын-соңды болмаған күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Елорда мен Алматыдан білікті мамандар арнайы шақыртылды.

Нұрлан Қуанышбай, тілші:

- Бұл ангеографиялық жүйемен жабдықталған заманауи аппарат. Ерекшелігі сол – осы жерде жасалатын операциялар дәстүрлі емес форматта өтеді. Яғни науқасқа наркоз берілмейді және дене тілігі жасалынбайды. Сонымен қатар жоғары технологиялы жүйе кардиологияық, неврологиялық және тамырлы зертеулерге мол мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтан ем алып, заманауи аппараттың пайдасын көргендердің бірі Галина Курдадзе. 70-ке келген зейнеткер соңғы жылдары аяғы жиі ауырып, жүруден қалған. Орталық мамандары аяқ тамырларының атеросклерозы диагнозын қойып, жаңа құрылғылардың көмегімен операция жасаған.

Галина Курдадзе, зейнеткер: 

- Шарасыздықтан Алматы немесе Астанаға кетуді жоспарлап отырдым. Сөйтіп жүргенде мына ауруханаға білікті дәрігерлер келді дегенді естіп, дереу келдім. Дәрігерлер болса жылы қабылдап, барлық анализдерімді толық тексерді. Менің буынымдағы тамырлардың қан айыналымы тым нашар екендігін айтып, тіліксіз операция жасады. Өзім де түсінбей қалдым. Қазір еш ауырсынусыз еркін тұрып жүрмін. Дәрігерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін.

Иә, заманауи аппарат адам денесінде иненің ғана ізін қалдырады. Бұл науқастың тез қалыпқа келіп, аяққа тұру уақытын жеделдетеді. Ангиографиялық жүйенің тағы бір ерекшелігі – жүрек қан тамырларының жұмысын бақылайды. Яғни ашық кардиохирургиялық операция жасау үшін алдымен тамырлардың зақымдалған аймағы анықталып, тиісті жоспары бекітіледі. Осылайша күрделі операцияларды жасау жолы жеңілдейді.

Еділхан Саматов, рентген-ангиохирург:

- Науқастың келу себебі жүрегінің ауруы. Ол кісіге біз жоспарлы түрде ангеограциялық аппараттың көмегімен жүрек қан тамырларын тексеру операциясын жасадық. Бұл операция кезінде науқас есінде болды. Жергілікті анестезиямен жасалады. Соның арқасында біз жүрек тамырларынан өзгеріс байқадық. Сол жүрек тамырларын өзгерісін қалыпқа келтіру үшін ары қарай операция жасадық. Жүрек тамырларын кеңейтіп, оның ішіне темір қойдық. Темір дегеніміз «стенд». 

Жоғары технологиялық жүйе облыс медицинасының мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар шетелдік науқастарды қабылдап, медицина туризмін дамытуға мол мүмкіндік береді. Мәселен, орталыққа Ресейден 10-ға жуық науқас келіп, тиісті ем-домын алған. 

Қастер Байжанұлы, рентген-ангиохирург:

- Операциялардың көлемі, спектры өте үлкен. Менің жеке бағытым перифериялық интервенция және онкологиялық интервенция. Яғни адам организміндегі кез келген органға қатысты ауруларды емдеуге арналған операциялар. Мысалы, онкологиялық аурулар. Бауырдың, өкпенің онкологиялық ауруларына біз осы малоинвазивті түрде ешқандай разрезсіз, ешқандай кесусіз, ешқандай наркозсыз жасаймыз операцияны. Ол науқастардың жылдам қалпына келуіне жылдам әсер етеді. Біздің операциядан кейін тек иненің ғана ізі қалады. 

Аймаққа арнайы шақыртылған мамандар жыл басынан бері 60-қа жуық оперция жасаған. Айта кету керек, орталықтағы қызметтер облыс тұрғындары үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жасалып жатыр.

Авторлар: Нұрдан Қуанышбай, Саламат Бекбаев