Қызылорда облысында үшінші күн электр станциясы іске қосылмақ

Қызылорда облысында күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін үшінші станция жақын күндері іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңақорған ауданынан салынған жасыл энергия нысанының қуаттылығы сағатына 10 мегаватты құрайды. «Ақылды» технологияға негізделген 27 мың дана арнайы панель күннің бағытына қарай автоматты бұрылады.

«25 жылға дейін кепілдік берілген аталмыш станция ауадағы көмірқышқыл газының жылдық мөлшерін айтарлықтай азайтуға себеп болады және өңірге инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады», - дейді мамандар. Мамандардың зерттеуінше, облыста 300-ден аса ашық, бұлтсыз күн болады. Осындай табиғаттың әлеуетін пайдалану мақсатында өңірде тағы бірнеше баламалы энергия өндіру станциясын салу жоспарда бар. Оның бірі – Арал теңізі маңынан бой көтермек.

Ілияс Қалибеков, бас инженердің орынбасары:

- Жалпы құрылыс қазан айында басталды. 5 айдың ішінде құрылыс аяқталды. Енді жұмысқа кірісуге дайынбыз. Жаңақорған күн электр станциясына 3,5 млрд теңге инвестиция енгізілді.