Павлодардағы өрт сөндіру қауіпсіздігі музейіне жеке ғимарат керек

Павлодардағы өрт сөндіру қауіпсіздігі музейі тар ғимаратта орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 жылдық тарихы бар мәдениет ордасы үш жыл бұрын төтенше жағдай бөлімшесіндегі оқу орталығының ғимаратына көшірілген. Сала мамандары бірегей музейге бөлек орын керек дейді. Себебі, екі мыңға жуық экспонатты сақтайтын жер жоқ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл Павлодар қаласының 1901 жылғы көрінісі. Сол сәтте Ертіс өңірінің тарихындағы ең ірі өрт болды. Қызыл жалын 500-ге жуық ауланы жалмады. Сол қорқынышты сәтті өрт сөндіру мұнарасының бұл көшірмесі мен мыстан құйылған қоңырау еске түсіреді.

Ертіс өңірі өрт сөндіру қызметінің тарихы осы кезден басталады. Алапат өрттен кейін Павлодар қаласында тек кірпіш үйлер салынды. Алғашқы өрт сөндіру мұнаралары XX ғасырдың басында пайда болған. Саланың бай тарихымен бұл шағын музейде танысуға болады.

Саланың өткені туралы павлодарлық суретші Панко Величконың туындылары сыр шертеді. Бұл картиналар түпнұсқа күйінде сақталған. Бұдан басқа мыңнан астам жәдігер жинақталған. Мәселен, көп қабатты үйлердің осындай макеттерін ешбір жерден кездестіре алмайсыз. Балтық елдерінен әкелінген экспонаттар жас мамандарды даярлауда оқу құралы ретінде пайдаланылған. 30 жылын салаға арнаған Серік Адамжанов «музейді кеңейту керек» дейді.

Серік Адамжанов, өрт сөндіру қызметінің ардагері:

- Музейдің жас мамандарды тәрбиелеудегі рөлі ерекше. Себебі, олар бұл қызметтің ауыртпалығы мен жауапкершілігін білу керек. Әрине, музейдің кішкентай ғимаратта орналасқаны өкінішті. Біздің кезімізді рухани орданы ашуға біраз тер төгілген еді. Музей ісін дамытуға барымызды салдық.

Өрт сөндіру қызметі музейі бұрынғы оқу орталығының ғимаратында орналасқан. Бұрынғы мекенжайда жеті бөлімше болса, қазіргі уақытта үшеуі ғана қалған. Себебі, орын жоқ.

Гүлнар Сейілханова, музей меңгерушісі:

- Жаңа концепция бойынша музей бірнеше бөлімнен құралады. Мақсатымыз заман талабына сай құрастырып, келушілер үшін қызықты ету. Бірақ жаңартамыз деп мән-маңызын жоғалтып алмау керекпіз. Үш жыл бұрын жаңа тұжырымдаманы жасауға қаражат та бөлінген.

Музей бұған дейін 1928 жылы облыста ашылған алғашқы өрт сөндіру бөлімшесінің ғимаратында орналасқан. Үш жыл бұрын басқа жерге көшірілген. Енді бірегей жәдігерлер тар ғимаратта сақтаулы. «Жаңа тұжырымдаманы жүзеге асыруға қолдау табылса, музейді кеңейтуге дайынбыз», - дейді мамандар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков