433,54 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда екі жүздей зейнеткер студент партаға қайта отырды

  • 99
  • UPD: 20:29, 28.03.2021

Олар экономика, ветеринария, тіл үйрену курстары бойынша тегін дәрістер тыңдайды.

«Күміс университет» деп аталатын жобаның мақсаты - аға буын өкілдерін рухани-әлеуметтік тұрғыда қолдауға негізделген. Он сегіз бағытты қамтитын оқу бағдарламасы аясында сабақтар аптасына екі рет өтеді.     

Нұрғайша Антаева - вокал тобына жазылған жиырма адамның бірі. Бұған дейін отыз жыл бойы мейірбике боп еңбек етіп келген. Отбасылық отырыстарда ән шырқауды жаны сүйеді. Курсқа қатысу арқылы осы қабілетін дамытып, сахнада өнер көрсетуді армандайды.

Нұрғайша Антаева, «Күміс университет» жобасына қатысушы:

- Жалпы ойым бар, хорға қатыссам ба деген. Сондай мәдени шараларға қатысып, осы алған білімімді кәдеге жаратсам деп ойлаймын.

Жоба бойынша қамтылған 18 бағыттың ішінде экономика, экология, агрономия, ветеринария, тіл үйрену курсы тәрізді күнделікті өмірге қажет барлық сала қамтылған. Соның ішінде IT технологиясы бар. Бұрынғы есепші Роза Әйкенованың таңдауы осы пәнге түсіпті.

Роза Әйкенова, «Күміс университет» жобасына қатысушы:

- Компьютерде бүкіл ақпарат бар. Соны үйренгім келеді. Таныстарыммен, туыстарыммен осы арқылы хат алмасып, араласып тұрсам деп ойлаймын.

Жазбаша өтініш бергендердің барлығы «Күміс университетке» қабылданады. Әр пән бойынша дәрістер 18-ден 36 сағатқа дейін өтеді. Тыңдаушыларға баға қойылмайды. Емтихан тапсырмайды.

Алма Досжанова, жоғары оқу орнының ректоры:

- Сабақ кестесін дайындап, оқытушыларды іріктедік. Ал білім бағдарламасы қатысушылардың өтініші негізінде құрастырылды. Басты мақсатымыз - аға буынның уақытын тиімді, әрі көңілді өткізуіне мүмкіндік тудыру.

Курс аяқталған соң тыңдаушылардың бәріне сертификат беріледі. Оның көмегімен жұмысқа орналасуға да болады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы