Алматыда қатаң карантиндік шектеу шараларының ұзартылуына кәсіпкерлер наразы

Бизнес өкілдері шектеу шаралары кәсіпті тұралатып, қаланың экономикасын құрдымға жібереді деп дабыл қағып отыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев індеттің үшінші толқыны басталғанын, сондықтан сақтық шараларын сақтау қажеттігін атап өтті. Бірақ шаһар толық жабылмайды. Алдағы уақытта Алматыдағы сауда орталықтарында вакциналау орталықтары ашылып, екпе науқаны қарқын алуы мүмкін.

Қатаң карантин талаптарына байланысты Алматыда 50 мың кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылған, немесе ішінара шектелген. Бұл 250 мың адамның жұмыссыз қалуына әкеліп отыр. Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Максим Барышевтың айтуынша, шектеу шараларынан қоғамдық тамақтану орындары қатты зардап шеккен. Олардың кірістері 90 процентке азайған.

Максим Барышев, қалалық кәсіпкерлер палатасы  аймақтық кеңесінің төрағасы:

- Нақты сұрақ: Бизнестің жұмысына тыйым салған карантин шаралары қаншалықты тиімді? Мұндай шектеу шаралары шынымен де нәтиже беріп отыр ма? Меніңше, Бекшин мырза күткендей, ауру азайып жатқан жоқ.

Былтыр Алматыда 18 521 адам коронавирус инфециясымен ауырды. Биыл үш айға жетпей 13 836 адам індет жұқтырған. Кәсіпкерлер ауруды ауыздықтаудың басқа амалын жасау керек дейді. Мәселен, адам толы қоғамдық көлікті айтпағанның өзінде тұрғындар, жалдамалы коттедждерде бас қосып, көшеде ешқандай карантин талаптарын сақтамай қыдырып жүр.

Ал кірістері азайған, бизнес міндетті жауапкершілігінен босатылған жоқ дейді Барышев. Салық, несие, жұмысшылардың еңбекақысы, ғимаратты жалдау құны кезек күттірмейтін шығындар.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Бүгін аймақтық бизнес кеңесі өкілдерімен кездесіп, қала бюджеті арқылы кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі жолдарын қарастырдық. Алайда ауқымды мәселелерді жұмыс тобын құрып, Үкімет назарына ұсынатын боламыз. Атап өту крек, шектеу шаралары екі апта уақытқа қабылданған. Егер жағдай оңалса, бас санитар дәрігердің қаулысымен қабылданған кейбір шектеулер қайта қаралады.

Қала әкімі кәсіпкерлерді осылай жұбатты. Ал Алматы іргесінде болғанымен облыс аумағына қарайтын кәсіпкерлік нысандардың жұмыстары қайта қаралады.

Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев