Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқын алды. Өңір орталығынан өзге аудандардағы елді мекендерді су баспас үшін соңғы бір аптада 43 мың текше метрден астам еріген қар суы сорғызылған.

Бірақ мамандардың айтуынша, аймақта күн күрт жылынып, тасқынның болуы екіталай. Себебі синоптиктердің болжамы бойынша ауа райы күндіз жылынғанымен түнде қайта суытады. Әрі өңір оңтүстігіндегі үш ауданда қар қалмаған. Бұған қоса аймақтағы ең ірі Қарғалы, Темір, Ойыл, Ырғыз және Қосестек өзендеріндегі су көлемі аз. Ал үш бірдей су қоймасының біріндегі көрсеткіш 20 процент болса, қалған екеуінде 10 процент шамасында. Қазір төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазгидромет» кәсіпорнының қызметкерлері жағдайды бақылауға алған. Дегенмен, ғарыштан бақылау жұмысы облыс аумағының 80 процентінде әлі де қар жатқанын көрсетіп отыр. Сондықтан мамандар «тұрғындарға да арқаны кеңге салуға ерте» дейді.

Құмар Тұрмағамбетов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Бізде 30 елді мекен қалып тұр осы қауіпті аумақта орналасқан. Бірақ ол деген нақты биыл кетеді деген болжам емес. Жалпы осындай қауіп бар деген болжам. Сол себептен осы елді мекеннің бәрі де бақылауда. Әр жерде инертті материалдар, қаптар, қажетті жерлерге жеткізіліп, бақылауда ұсталып отыр.