425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда жылдар бойы жөнделмеген кітапханалар бар

  • 309
  • UPD: 14:16, 29.03.2021

Архивтегі қыруар қор құрып кетудің алдында тұр. Себебі мұрағатта бос орын жоқ. Көп құжат сарғайып жатыр. Кітапханалардан да күй кеткен. Көбі ескіріп тұр. Елорда мен Алматының өзінде жылдап жөндеу көрмеген кітапханалар бар. Мәселе қашан шешіледі?

«Кітап ғалым, тілсіз мұғалім» деседі. Ал кітапхана – алтын сандық. Іші толған қазына емес пе?! Бірақ көбінің осы күні күйі кетіп тұр. Елде 4 мыңға жуық кітапхана болса, тең жарымында материалдық-техникалық әлеует жоқтың қасы. Алысқа бармайын, елорданың өзінде жылдап жөндеу көрмеген кітапханалар бар.  

Кенжегүл Әбдікәрімова, кітапханашы:

- 10 жылдан асты десек болады кітапханаға жасалмағалы. Нақты ремонт қажет етеді. Одан кейін өзіміздің мынау Мұхтар Әуезов кітапханасында жылу өте аз. Бізде кітапхананың ішінде плюс 17 болып тұр. Негізі ол 20-22 болу керек температура кітапхананың ішінде.

Бұл бәлкім шағын кітапхана болған соң тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген болар дерсіз.

Ал Алматыдағы Ұлттық кітапхана ше? Миллиондаған қор сақтаулы тұрған бұл жерге ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Кітапхананы қайта жаңғыртуға бірнеше мәрте өтініш берілген. Бірақ республикалық бюджет комиссиясында бұл мәселе қолдау таппады.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Алматыдағы Ұлттық кітапхана 9 мың шаршы метр жерді алып жатыр. 7 миллион қоры бар. Оның  ішінде 40 мың құнды жәдігер бар. 12-ғасырдағы Құран тұр. Мына еврейлердің 6 метр Торасы тұр. Інжіл былай қараған кезде ол тұр. Мына Алла тағаладан түсті деген 4 кітаптың ежелгі нұсқалары сол жерде сақтаулы тұр. Корейдің алтыншы ғасырдағы жаңағы мына 3 том жазбасы тұр. Ғаламат мұралар. Бір-бір данадан тұр ғой. Бұларды сақтау мемлекеттің ісі. Маңызды іс. Сол 50 жылдан бері осы ғимарат күрделі жөндеу көрмеген. Бұл 1971 жылы пайдалануға берілген.

Кітапхананың жайын айттық. Енді кітапханашының жайын айталық. Кейіпкеріміз Кенжегүлдің бұл салада еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл. Бір тілегі бар. «Жалақы көтерілсе» дейді.

Бүгінде елорда, Алматы, Шымкент сынды ірі қалалардың өзінде кітапханашылар орташа есеппен 97 000 теңге жалақы алады. Бағдарлама әзірлеушілер мен инженерлердің еңбекақысы – 68 000 теңге.

Аймақтағы кітапханашылардың айлығы бұдан да аз. Ойлаңызшы, 68 мың теңгеге бұл заманда күн көру мүмкін бе?! Күнделікті ішіп-жемнен артылмайды ғой. Артылмаған соң көп кітапханшының басыбайлы баспанасы жоқ.  

Кенжегүл Әбдікәрімова, кітапханашы:

- Себебі қазіргі жағдайда ипотекаға көбі қолжетімді емес. Көбінің жалақылық сұраныстары жетпей жатады. Сол себептен көбіне ипотекалық банктер жауапсыз қалдырып жатады. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырғы бірінші қаңтардан республикалық деңгейдегі мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50, ал өңірдегілердікі 35 процентке өскен. Ал қосымша жұмысшылар, инженерлер, бағдарлама әзірлеушілер мен кітапхананың функционалдық қызметін қамтамасыз ететін мамандардың еңбекақысы ұлғайған жоқ.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департамент басқармасының басшысы:

- Бұл бізді де алаңдатпай отырған жоқ. Біз мүдделі мемлекеттік органдармен осы мәселені тиісті деңгейде, тиісті дәрежеде шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта өсуі мүмкін бе жалақылары? Келісу процестерін жүргізіп жатырмыз. Сондықтан ойымызда бар.

Архивтен де әр кетті. Елде мұрағат ісі туралы мемлекеттік саясат толық қалыптаспаған. «Ұлттық архив қоры» туралы ережеде кем-кетік көп. Ғимараттардың іші мұрағатқа толып қалған. Бос орын жоқ. Қоймалары қуатты желдеткіштермен жабдықталмаған. Мысалы, Жезқазған қалалық мемлекеттік архивінде жаз кезіндегі температура 27-28 градус, ал норматив бойынша бұл 17-19 градус болуы керек. Қағаздан, желімнен, теріден, өзге де органикалық материалдардан жасалған жазба мұралар, тарихи құнды құжаттар сарғайып жатыр.

Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департамент басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күнде сол құжаттарды сақтап, жинақтап отырған елімізде 220-дан аса мемлекеттік архив бар. Қазіргі кезде жасалынып жатқан жұмыс тиісті бір мемлекеттік органмен архивтердің үлгілік ғимараттарының жобасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстар енгізіліп отыр.

Яғни таяуда архивке арналған жаңа ғимараттар салынып қалуы мүмкін. Алайда мұнымен бүтін бір саланың тасы өрге домалай қоймасы анық. Ал тиісті деңгейде көңіл бөліну үшін не істемек керек? 

Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департамент басқармасының басшысы:

- Архив саласының маңыздылығын ескере отырып, қазіргі кезде Үкіметке тиісті қаулы енгізілген ғой. Жуық арада Мәдениет және спорт министрлігінің жеке ведомствосы ретінде архив деп комитет құру туралы қазір мәселе қазір қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Енді жуық арада оның нәтижесін көріп қаламыз деп ойлаймыз. Сәуір айы болатын болар. Осы ретте комитет болған соң, әрине, оның әлеуеті де күшейеді. Кадрлық саны күшейеді деген сөз ғой енді.

Өз алдына жеке ведомство болып құрылған соң, архивтерді цифрландыру да жанданатын болар. Әйтпесе бұл іс те қазір бас бармақпен бағалайтындай емес. Мұрағатқа тиісті деңгейде көңіл бөлініп, қолдау болғанда ғана жағдай оңалады. Біле білсек, архив деген – халықтың жады. Ұрпаққа жазылған хат қой. 

Қорған Қонысбайұлы, Аят Дүйсенбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы