ТЖД еліміздің су қоймаларындағы жағдайды бақылауында ұстап отыр

Есіл ернеуінен асуы мүмкін. Тасқын болса, 30 шақты елді мекенді су басу қаупі бар. Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қауіпті дейді мамандар. Шығыста да күн жылынып, таулы аймақтарда қар ери бастаған. Демек, босаңсуға болмайды. Тағы бірнеше өңірде жағдай қауіпті. Тасқынның алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Шығыста күн райы жылынып келеді. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жағдайды күнделікті әуеден бақылап отыр. Таулы аймақтарда қар ери бастаған. Өзен-көлдердің деңгейі қалыпты. Бүгінге дейін Ертіс өзені мен Шүлбі су қоймасындағы мұз жарылды. Елді мекендерге жақын аумақтардағы судың деңгейін бақылау үшін өңірде 53 гидробекет құрылды. Жалпы облыста 500-ге жуық арық пен суағар тазартылды. Төтенше жағдайлар қызметі 2 жарым мыңға жуық арнайы техника мен 370 су сорғызатын құрал дайындады. Тасқын болған жағдайда әскери бөлімдер де жұмылдырылмақ.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Біз әуеден Ертіс өзенін түгел, сосын Өскемен гидроэлектр станциясы мен Шүлбі станциясындағы жағдайды қарап шықтық. Әзірге бұл аумақтарда мұз толық еріп болған жоқ. Бірақ одан еш қауіп те жоқ.

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды. Өңір орталығынан басқа аудандардағы елді мекендерден кейінгі бір аптада 43 мың текше метр еріген қар суы шығарылды.

Мамандардың айтуынша, тасқынның болуы екіталай. Себебі синоптиктердің болжамына сай ауа райы күндіз жылынғанымен түнде қайта суиды. Әрі оңтүстік аудандарда қар қалмаған. Аймақтағы ең ірі Қарғалы, Темір, Ойыл, Ырғыз және Қосестек өзендеріндегі су көлемі аз. Ал үш бірдей су қоймасының біріндегі көрсеткіш 20 процент болса, қалған екеуінде 10 процент шамасында. Дегенмен, ғарыштық бақылау облыс аумағының 80 процентінде әлі де қар жатқанын көрсетіп отыр.

Мамандардың айтуынша, арқаны кеңге салуға ерте.

Құмар Тұрмағамбетов, ТЖД басқармасының басшысы:

- Бізде 30 елді мекен қалып тұр осы қауіпті аумақта орналасқан. Бірақ ол деген нақты биыл кетеді деген болжам емес. Жалпы осындай қауіп бар деген болжам. Сол себептен осы елді мекеннің бәрі де бақылауда. Әр жерде инерттік материалдар, қаптар, қажетті жерлерге жеткізіліп, бақылауда ұсталып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында сәуірдің алғашқы онкүндігінде Есіл өзеніндегі судың деңгейі көтеріледі. Қазгидромет мамандары осындай болжам жасады. Өңірдегі Сергеев су қоймасына шамамен екі миллиард текше метрден астам су келеді деп жоспарланып отыр. Бұл қалыпты жағдайдан 60 процентке көп. Есіл ернеуінен асса 30 елді мекенді су басып қалуы мүмкін. Бұдан бөлек өңірдегі Үлкен Тораңғұл көлінен де қауіп бар. Осыған байланысты су айдындарында мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Наталия Левина, «Қазгидромет» РМК филиалы директорының орынбасары:

- Сілеті су қоймасында судың көп жиналуына байланысты Уәлиханов ауданымен Есіл ауданындағы Үлкен Таранғұл көлінен қауіп жоғары. Оның үстіне қазір қардағы ылғал қоры өте көп. Мәселен, 2016 жылмен салыстырсақ, ол 18 процентке артық.

Жамбыл облысының елді мекендерін су басу қаупі жоқ. Өңірде 1200 шақырым арық-арна, 430 көпір мен мыңнан астам гидронысан қоқыстан тазартылды. Тек таулы аймақта тұратын ауылдарға нөсер жаңбыр мен қар суы қиындық туғызуы мүмкін дейді мамандар. Су қоймаларында жағдай тұрақты. Құтқарушылар жағдайды күн сайын тікұшақпен бақылайды. Төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, алдын алу шараларына кіріскен.

Талғат Айтбаев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- 19 су қоймасы ағымды жөндеуді қажет етеді. 19 су қоймасының жетеуінде жөндеу жұмыстары басталды қазір. Жергілікті қаражаттан бөлініп жатыр 72 млн 400 мың теңге. 139 палатка, 1900 төсек орыны дайындалды. Су тасқынына әзір Жамбыл облыстық төтенше жағдай департаменті.

Республика бойынша осы 4 өңірдің жағдайы алаңдатады. Өзен-көлдегі ахуалды күнделікті бақылауда ұстамаса, ушығып кетуі мүмкін. Еріген қар суы да қауіп төндіріп тұр. Сондықтан алдын алу шараларына артылатын үміт зор. 

Автор: Рауан Мыңбаев