Алматы облысында вакциналаудың екінші кезеңі басталды

Алматы облысының Кеген ауданында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңде екпе алған азаматтар бүгінде өзін жақсы сезінуде. Олардан ешқандай асқыну белгілері байқалмаған. Аудандық аурухана ғимаратының жанынан 10 орындық екінші деңгейлі жұқпалы аурулар ауруханасы жасақталып, жұмыс істеп тұр. Орталықтандырылған оттегі станциясы да орнатылған. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Кеген аудандық ауруханасына әу баста 400 дана вакцина алынған болатын. Алғашқы кезекте дәрігерлер мен мұғалімдерге коронавируске қарсы екпе жасау жұмыстары жүргізілді. Бірнеше күнде мұнда тағы Қарағандыдан 500 дана вакцина жеткізіледі.

Бірінші кезеңде вакцина алған ауыл тұрғындарының бірі Клара Чантаева. Ол Кеген аудундық ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істейді. Науқастар көп келетін емдеу мекемесінің қызметкері болғандықтан бүгін екінші екпесін жасатты.

Клара Чантаева, Кеген ауылының тұрғыны:

- Бірінші кезеңі жақсы өтті, асқынусыз. Ешқандай асқыну болған жоқ. Екінші кезеңі де солай өту керек деп ойлаймын. Қазіргі көңіл-күйім жақсы. Жарты сағаттан асты алғаныма. Енді ауыл тұрғындарының бәрін вакцина алуға шақырамын. Жақсы ешқандай зияны жоқ, пайдасы болмаса.

Кеген ауданы бойынша тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары 9 дәрігерлік амбулатория мен екі ауылдық, бір аудандық ауруханада жүріп жатыр. Бүгін 60 тұрғын вакцина қабылдады. Екпе алғандар жарты сағат бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Аудандық аурухана жанынан екінші деңгейлі жұқпалы аурулар ауруханасы жасақталып, жүмыс істеп тұр.

Алмас Тлеулиев, Кеген аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Бұл жерде 10 төсек бар. Қазіргі уақытта 13 науқас. Бүгінгі күннен бастап 20 төсекке ұлғайту туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы келіп жатыр.  Бізде ол жерде кезекшілікте 1 дәрігер, 2 орта буынды медицина қызметкері, екі кіші буынды медицина қызметкері кезекшілік етуде бір кезеңде.

Провизорлық орталықтағы медицина қызметкерлері әр 6 сағат сайын ауысып отырады. Өткен жылы Кеген ауданы бойынша пневмониядан 278 науқас емделген. 5 адам әлемді жайлаған індет салдарынан көз жұмды. Ауданда 2 айға жететін дәрі-дәрмек пен қорғаныш заттарының үш айлық қоры бар. Өткен жылы Кеген аудандық ауруханасына 57 миллион теңгеге орталықтандырылған оттегі станциясы сатып алынып, 50 палатаға арнайы дайындалған оттегі нүктелері орнатылды.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...