Қазақстандық ғалымдар: Коронавирустың тағы бір жаңа штамы пайда болуы мүмкін

Коронавирустың тағы бір жаңа штамы пайда болуы мүмкін. Қазақстандық ғалымдар оған тән мутацияны зерттеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індет кезінде мұның қалыпты құбылыс екенін де жоққа шығармайды. Себебі вирус ортаға тез бейімделеді. Коронавирустың бұл штамы Алматыға ғана тән болуы да мүмкін. Бұған дейін қалада оңтүстікафрикалық және британдық штамдардың анықталғанын айтқан едік.

Жаңа штамды анықтау үшін қосымша секвенирлеу жұмыстары жүргізіледі. Бірнеше аймақтан үлгі алынады. Кем дегенде 10 жерден. Тек тыңғылықты зерттеуден кейін ғана нәтижесі айтылады.

Виталий Строчков, микробиолог:

- Қазіргі уақытта біз наурыз айында алынған екі үлгіні зерттеп жатырмыз. Оның біреуі британдық. Сәйкестік 100%. Екіншісі оңтүстікафрикалық. Оның да көрсеткіштері тура келді. Бірақ өзгерістер бар. Ал үшіншісінде басқа изоляттар байқалды. Оған қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Оның бекітілген мутация екенін нақты білгенде ғана айта аламыз.

Коронавирус мутациясына тән мына көрсеткіштерді осы сала мамандары ғана жақсы түсінеді. Халықаралық вакцинология орталығы қызметкерлері бастаған ғалымдар 12 сынамаға генетикалық талдау жүргізді. Одан оңтүстікафрикалық және британдық штамдарды тауып, халықаралық USAID базасына енгізді.

Қайсар Табынов, Халықаралық вакциналогия орталығының директоры:

- Қазіргі таңда бұл сынамалар БСЛ 3 дейді, биологиялық қауіпсіздігі үшінші деңгейдегі зертханада және аса қауіпті аурулардың ғылыми орталығында бұл сынамалардың вирусты бөлімінде жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол вирус бөлінгеннен кейін вакциналардың тиімділігін тексеретін боламыз.

Коронавирустың алғашқы жаңа мутациясы өткен жылдың желтоқсанында анықталды. Британдық штамм жұқтырғандардың көпшілігінде жөтел, тамақ ауруы, тез шаршау, бұлшықеттің ауруы және қалтырау байқалды. Бірақ қазір ғалымдар «оның оңтүстікафрикалық түрі аса қауіпті», дейді. Десе де, екеуі де вирустың базалық түріне қарағанда өте тез тарайды. Жұқтыру көрсеткіші 50-70%-ке жоғарды.

Қайсар Табынов, Халықаралық вакциналогия орталығының директоры:

- Оңтүстікафрикалық мутация ғалымдар тарапынан үлкен үрей туғызып отыр. Бұл нені білдіреді? Көптеген вакциналардың тиімділігі төмендеу болып тұр. Жалпы бұл зерттеулер осындай мутациялар бар Қазақстанда таралғанын көрсетіп отыр. Бірақ ол қаншалықты кең таралған. Оны анықтау үшін ауқымды зерттеулер керек.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Дәл секвенирлеу аппаратында британдық және оңтүстік африкалық штаммдарына тән коронавирустың мутациясы анықталды. Ол геномдық талдау арқылы белгілі болды. Қазіргі уақытта осы вирус мутациялары бойынша сынамалардан вирус бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол отандық ғалымдарға вакцинамен қатар дәрілік заттардың тиімділігін анықтауға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жақыпов