Алматыдағы шағын аудан тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып отыр

Алматының Мұзтау шағын ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жергілікті биліктен жолды асфальттауды сұрап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ойдым-ойдым қара жолда қар еріп, жаңбыр жауғанда жүру мүмкін емес. Тау бөктеріндегі ықшам ауданда ірі көліктердің өзі батып қалады. Өткен жылы инженерлік желі тартылып, жолда жүру тіпті қиындаған. Шыдамы таусылған тұрғындармен тілшіміз сөйлесіп қайтты.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Медеу ауданына қарасты Мұзтау ықшам ауданының бүгінгі келбеті осындай. Жаяу жүру үшін етік не болмаса жол талғамайтын көлік қажет. Тұрғындар 11 жылдан бері 18 млн теңге жинап, бірнеше рет тас төсеткен. Бірақ қара жол осы қыста жеңіл көлікпен жүруге келмей қалған.

Олег Вилиахунов, тұрғын:

- Біз осы жолмен алысып келе жатқанымызға 11 жыл болды. Бүгінге дейін өз күшімізбен жөндеп, тегістеп, тас төгіп келдік. Аудан әкімдігіне бірнеше рет барып, «ақша жоқ» деген жауап алып қайттық. Ал, мынау жыралар ай сайын үгітіліп, топырағы көшіп тұрады. Жолға 500-ден 1000 текше метрге дейін топырақ құлайды.

Ойдым-ойдым болған таулы жол елуден астам үйді қаламен байланыстырады. Тұрғындар «ауырып қалсақ жедел жәрдем, қызыл жалын тұтанса өрт сөндіру көлігі көтеріле алмайды», дейді. Қазір жұрт көліктерін төменге қойып, жаяу жүруге мәжбүр.

Катерина Бенджемен, тұрғын:

- Біз отбасымызбен коронавируспен ауырған кезде жедел жәрдем шақыра алмадық. Өйткені мына жолмен келе алмады. Тест алу үшін жаяу көтерілді. Дәрігерлер болса жол жаман екенін айтып, үйге келіп, ине салудан бас тартты. Сонда біздің өмірімізден осы жол маңызды ма? Салықты не үшін төлеп отырмыз?

Шабынсай шатқалындағы Мұзтау ықшам ауданына өткен жылдан бастап инженерлік желі тартыла бастаған. Соның әсерінен ескі жол одан әрі батпаққа айналыпты. Бұған жауапты «Алматы су» кәсіпорны болса асфальт тек мамыр айына қарай төселетінін айтты.

Ақбота Жылысова, «Алматы су» МКК баспасөз хатшысы:

- Карантин жағдайларына байланысты біз ол жұмыстарды толығымен аяқтай алмадық. Ол жерде Бейсеуов көшесіне ғана толығымен асфальт төселіп, аяқталды жұмыстар. Ал, Замартас пен Айдарлы көшелерінде жұмыстар толығымен аяқталған жоқ. Дегенмен, біз міндетті түрде мамыр айына дейін толығымен барлық жұмыстарды аятаймыз.

Мұзтау ықшам ауданында инфрақұрылым жүргізу үшін бюджеттен 840 млн теңге бөлінген. Қаражатқа 10 шақырым су құбыры, 6,5 шақырым кәріз құбыры тартылды. Ендігі кезекте асфальт төселмек. Тұрғындардың сол асфальттың төселгенін күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев