Алматы облысындағы бірнеше ауылға ауыз су құбыры несие қаражатына тартылған

Алматы облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық, Лесновка, Пенжім, Алмалы ауылдарына ауыз су құбыры несиеге тартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық қордан бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржы келесі жылдан бастап тұрғындар қалтасынан қайтарылуы тиіс.

Енді жұрт тіршілік нәрінің әр текше метрі үшін 400-900 теңге аралығында есептесіп, 20 жыл бойы төлеуі мүмкін. Аудандық «Панфилов су құбыры» мекемесі облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне осындай өтінім берген. Бұған жергілікті халық қарсы шықты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қайрат Дулатбаевтың үйінде ғана емес, өзге ауылдастарының тұтынып отырған суы осындай. «Ыдысқа құйылғанда түбінен тұнбасы көрінеді», - дейді тұрғындар. Сол себепті сүзгі пайдаланып отырғандар бар. Соған қарамастан, бағасы тым қымбат екен.

Жанболат Шалақазақов, Ақжазық ауылының тұрғыны:

- Аудан бойынша қаланың өзінде 70-ақ теңге. Ал бізде 174 теңге. «174 көп» деп біз аудан әкіміне арыз жазғанбыз. Сол кезде білдік. Бұл жиырма жылға кредит алып салынған екенін. Оғанға дейін біз білмедік, ауыл білмеді.

Ауыз судың құны енді бұдан да шарықтауы мүмкін. «Панфилов су құбыры» мекемесі табиғи монополияларды реттеу департаментіне жаңа тарифті бекітіп беру туралы өтінім берген.

Назира Қасенқызы, «Панфилов су құбыры» мм бас экономисі:

- Ақжазық ауылы 996 теңге, Лесновка 918 теңге, Педжим ауылы 446 теңге. Бір куб суға. Өтінім жібердік. Ол дегеніміз, бүкіл шығынды есептеп, суды қолданыстағы көлеміне бөлгенде тариф бағасы шығады. Сол себепті сондай қымбат болып тұр.

Әлтай Кәшкеев, Ақжазық ауылының тұрғыны:

- Тариф көтеріледі дегенге халықтың барлығы қарсы болып шығады. Оған біз енді несие деп ешкім ескерткен жоқ. Мысалы мен 1500-2000 төлесем, он еселенсе, 20 мыңға шейін барады ғой. Бұл деген енді өз қалтам көтермейді. Халықтың да қалтасы көтермейді.

Жауаптылар «несие қаражатын халық есебінен қайтармасақ банкрот боламыз», дейді. Өйткені қазірдің өзінде олар алынған қаржының үстемақысын төлеп отыр.

Айдос Арсаланов, «Панфилов су құбыры» мм директоры:

- 16 жылдан бері 4 ауылдың жылдық үстемақысын біз төлеп келе жатырмыз. Жылына 705 мың теңге. Осы күнге дейін 2 млн теңгені төлеп тастадық. Үстемақы кредиттің үстіндегі үстемақысы. Сол себепті шығынға батып отырмыз.

Гүлнәр Хайрулина, «Панфилов су құбыры» ММ бас есепшісі:

- Қазіргі таңда 14 млн 350 теңге қарызбыз зарплатадан. Мердігерлерге 40 млн қарызбыз және салыққа 40 млн, жалпы сомасы 100 млн-дай болады. 

Белшеден қарызға батқан мекеме мен қарапайым халықтың ендігі үміті облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінде.

Бақтияр Хамзин, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

- Бұл өтінім бойынша нақты шешім қабылданған жоқ. Департамент тарапынан 2021 жылдың аяғына дейін халық санаты үшін тарифтердің жоғарлауы жоспарланбайды. скл 2022 жылға келетін болсақ, 2022 жылға өтінім келіп түскен жағдайда нақты шешім зерделеніп барып бекітіледі.

2016 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен Панфилов ауданындағы Лесновка, Пенжім, Ақжазық және Алмалы ауылына су тартылды. Кейінгісінің құрылысы күні бүгінге дейін бітпеген. Жұмыстың барлығы бюджеттік несиелеу жобасы бойынша жүзеге асыпты.

Арман Тазабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде бұл мәселемен айналысып жатырмыз.  Қайтару жолдарын қарастырамыз. Облыс әкімдігі тарапынан бір шешімге келеміз деген ойдамыз.

Түйіткілді мәселеде өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шешудің бір жолы бар. «Ол – берешек қаржыны жергілікті бюджет есебінен қайтару», - дейді саладағылар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов