Жамбыл облысында жеке сектордағы 30-дан астам үйді су басты

Баспананың көбі Тараз қаласында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 күн бойы тыйылмаған жауын-шашын тұрғындарды титықтатты. Қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы күшейді.

Евгения Попелнухина 10 жылдан бері қиындық көріп келеді. Жыл сайынғы жауын-шашынның кесірінен үйі де құлаған. Басқа баспанаға қоныс аударғанымен, оны да су басыпты. Енді үйінде аяқ киіммен жүруден басқа амалы қалмады. Ал, ауланың жайы айтпаса да түсінікті.

Евгения Попелнухина, қала тұрғыны:

- Үйлердің арасында ешқандай арық жоқ. Негізгі арықтың өзі көміліп қалған. Жыл сайынғы жауын-шашынның кесірінен күйіміз кетті. Үйдің іші ылғалдан көгеріп те кетті. Қабырғалардағы қара дақты кетіру мүмкін емес тіпті. Тоңазытқыш та, үстел де, жиһаздар да пайдаға аспай қалды.

Облыста жеке сектордағы 30-дан астам үйдің ауласын су басқан. Оның 17-сі Тараз қаласында. Суды сорып тауысу әлі мүмкін болмай отыр. Тұрғындардың өтініштері де толастар емес.

Ольга Кольницкая, қала тұрғыны:

- Дренаж жүйесі жұмыс істемейді. Біз арықтарды да тазалай алмаймыз. Құбыр тереңде орналасқан. Міне, суды өзіңіз көріңіз. Сұмдық қой. Не үйге кіре алмаймыз не аулаға шыға алмаймыз.

Облыстық ТЖ департаментінің ақпараты бойынша жамбылдықтарды әлі 3 күн жауын-шашын күтіп тұр. Қазір су басқан аулалардан 2 мың текшге метр су сорылған екен.

Омар Тәкеев, ТЖД басқарма басшысы:

- Арықтардың тазаланбауынан және қоқыспен толып, жаңбыр суының ағуынан осындай жағдайлар орын алуда. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы әкімі аппаратына Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ аудандарының елді мекендерінде арық-дренаж жүйелерін талапқа сай келтіру үшін ұсыныс хат жолданды.

Ал, әкімдіктегілердің айтуынша, арық жүйесін әдейі жауып, тастағандарға былтырдан бері түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр екен. Айта кетейік, қазір өңірде тазалық айы басталды. Сондықтан мамандар тұрғындардан үй маңындағы арық жүйесін тазартуға атсалысуды сұрайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә