Қостанай облысындағы 95 елді мекен су астында қалуы мүмкін

Қостанай облысында тоқсан бес елді мекенді қызыл су шайып кетуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаментінің болжамы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге қар жамылғысының еру қарқыны тұрақты. «Оңтүстік және солтүстік өңірдегі өзен-көлдерде қатқан мұздың еру барысы бақылауда», - дейді мамандар. Судың өз арнасымен еркін ағуына жағдай жасау үшін қауіпті жерлерде мұз жару жұмыстары жүрді. Күн күрт жылыса, алғаш болып Амангелді және Жанкелдин аудандарының өзен-көлдері тасуы мүмкін. Жалпы облыста су тасқынынан қауіп сәуір айының ортасында күшейеді деп жоспарланған.

Азамат Орынбаев, ТЖД басшысының орынбасары:

- Су тасқыны қаупі жоғары елді мекен халқымен кездесіп, тұрғындар мен үй жануарларына санақ жүргіздік. Қауіп туындаған жағдайда эвакуациялайтын жерлерді белгіледік. Техникалар сайланып, керек-жарақтар дайын. Құтқару шараларына мыңнан аса техника мен 3 мыңдай адам жұмылдырылады.