Түркістан облысында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты соңғы 3 тәулікте өзендердегі су деңгейінің көтерілуі байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бөген 61 см, Арыс 48 см, Боралдай өзені 34 см-ге дейін көтерілген. Жауын-шашын мөлшерден тыс көп түсетін болса, былтырғы Төлеби ауданында болған су тасқыны жағдайы қайталануы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар ауа райын болжау орталығымен бірлесе жұмыс істеп, сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына СМС-хабарламалар жіберіп, ескертулерге мән беруге шақырады. Өңірдегі Шардара су қоймасы 96%, ал Көксарай су реттегіші 51%-ке толған. МамандарСырдария өзені арқылы Шардараға секундына 303 текше метр су құйылып, ал одан 470 текше метр су босатылып жатқанын айтады.
Ерік Сарыбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:
- Негізінен бізде қауіп бұл таулы аймақтар, аудандар болып отыр. Бұл – Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби және Бәйдібек аудандары. Сонымен қатар Арыс өзенінің Сырдария аумағына барып құятын Отырар ауданында да егер бір мезетте су көп келетін болса, біршама елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін.