Қарағанды облысындағы Абай қаласының тұрғындары тозған үйлерін жөндете алмай жүр

Елімізде былтыр 250-ге жуық тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтті.

Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табады. Алайда тізімге ілікпей, жылдар бойы баспана мәселесін шеше алмай жүргендер қаншама. Олардың арасында Қарағанды облысындағы Абай кентінің тұрғындары да бар.

Қарағанды облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы 10 жыл бұрын бастау алды. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат та берілді. Осы уақыт аралығында өңірде барлығы 367 ғимарат жөндеуден өткізілді.

Абай қаласы да бағдарламаға кірді. Бірақ жергілікті атқарушы органдар 3-шағын аудандағы нөмірі 40-үй туралы мүлдем ұмытып кеткен сынды. Оның тұрғындарының басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Олар бағдарламаға қатысуға өтініп жүргендеріне 6 жылдың жүзі болды. Алайда құжаттар тек 2019 жылы қабылданды. Бірақ әлі күнге дейін жөндеу басталған жоқ.

Рима Сарычева, Абай қаласының тұрғыны:

- Мен бұл үйде 9 жыл тұрып жатырмын. Сатып алғанда өзім жөндеу жүргіземін деп ойладым. Уақыт өте келе оның мүмкін еместігіне көзім жетті. Бір-екі рет пәтерімнің төбесін, балконды сыладым. Бірақ жаңбыр жауған сайын бәрі қайтадан сол қалпына оралады. Тағы жөндеуге ақшам қалмады. Осы маңдағы басқа үйлер жаңғыртылды. Соларға қызығып қарап отырамыз.

Күн райы сәл жылыса, тұрғындар үйдегі бүкіл ыдысын шығарады. Себебі төбедегі әр тесіктен су ағып тұрады. Пәтер қабырғалары қарайып кеткен. Подъездегі көрініс те мәз емес. Төбеге шығатын есік бір күні құлап кетпесе екен дейді жергілікті тұрғындар.

Борис Вострецов, Абай қаласының тұрғыны:

- Атқарушы органдардың уәделерінен шаршадық. 5-қабатта тұратындар өз күшімен төбені ретке келтіруге тырысықан. Бірақ мұнда күрделі жөндеу керек.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары тегін жүргізілмейді. Ақша республикалық немесе жергілікті бюджеттен бөлініп, тұрғындарға төмен проценттік несие ретінде беріледі. Келісімге сәйкес азаматтар бұл қарызды жыл сайын қайтарып отырады.

Райкүл Нәбиева, ҚР ИИДМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Егер де тұрғындар күрделі жөндеуді жүргізгісі келсе, олар жергілікті атқарушы органдарға өтініш жасайды. Акиматтың тізіміне енгеннен кейін орталық органға келіп немесе біздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне келіп, бюджеттік өтінім беруге болады. Егер де республикалық бюджеттен ақша бөлініп жатса, онда ол үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін.

Қарағанды облысына 2015 жылдан бері республика тарапынан ақша берілген жоқ. Жергілікті тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жөндеу жұмыстарын тек қайтарылып жатқан қаражат есебінен жасап жатыр.

Мамандардың айтуынша, несие алған үйлердің 15 проценті қарызын өтемей жатыр. Сол себепті тізімдегі келесі үйді жөндеуге қаржы жетпей қалады.

Данияр Дүйсембаев, облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры:

- Қазір шағын аудандағы нөмірі екінші үй кезекте тұр. Оны биыл жөндеп бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Егер ақша жетсе, 40-үйді де бастап кетуіміз мүмкін. Мұнда 6 подъезд бар. Бұл аз емес. Әдетте осы сынды үйлерді толық жөндеп шығуға 60 миллион теңге қажет. Әзірге, есептеп жатырмыз.

Былтыр 8 өңір бойынша 250-ге жуық үй бағдарламаға ілікті. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны 8 жарым миллиард теңгеден асты. Алдағы уақытта Абай кентіндегі 40-үйдің тұрғындары да осындай мүмкіндікке қол жеткізеді деген үміт бар. 

Дариға Ташенова, Юлана Чаус