Ақтөбедегі табиғат ластаушы зауыттардың зиянын азайту жұмыстарын тездету қажет – министр

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

Ведомство басшысы өңірдегі табиғат пайдаланушы ірі өнеркәсіп орындарын аралап, экологияға келтіретін зиянды азайту бойынша қабылдап жатқан шараларымен танысты.

«Казхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барған министр Ақтөбе қаласындағы ауаға шығатын лас шығарындылардың 50%-і аталған кәсіпорынға тиесілі екенін атап өтті. 2021 жылдың ақпан айында кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсаттама алып, соның аясында өндірісті ең озық қолжетімді технологияларға көшіру көзделген. Кәсіпорын басшылығы қабылданған бағдарлама бойынша тазарту фильтрлерін қойып, 2030 жылға дейін қатты заттардың шығарындыларын 40%-ке азайтуды жоспарлап отыр.

Министр Мырзағалиев зауыт басшылығына ең үздік қолжетімді технологияларға көшу шараларын тездетуді тапсырды. Сонымен бірге хромшпинель ұнтағы қалдықтарының утилизациясы мәселесін шешу қажеттігін айтты. Жалпы «Казхром» компаниясы өткен жылы экологиялық шараларға 11,5 млрд теңге бөлсе, соның 7 млрд-ы Ақтөбе өңіріне бағытталғанын атап өту керек.

Экология министрі сонымен қатар 1 cанатты қауіпті ірі кәсіпкерлік субъектісі саналатын Ақтөбе хром қосындылары зауытына барып, жиналып қалған шлам қалдықтарының утилизациясы бойынша шара қабылдау қажеттігін ескертті. Атап өту керек, зауыт жаңа технологияларды қолдану арқылы былтыр лас шығарындыларды 1,4 есеге азайтқан.

«2025 жылға дейін зауыт эмиссияны азайту үшін толығымен жеңдік сүзгілер қояды. Бұл жұмысты мүмкіндігінше тездету керек», - деді министр.

Ақтөбе қаласының экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына кәріздік-тазалау құрылғылары станциясының тозығының жетуі әсерін тигізуде. Сондықтан Мағзұм Мырзағалиев «Aktobesu-energygroup» канализациялық-тазалау құрылғылары АҚ-на да арнайы барды. Өңір әкімімен бірге жаңа станция салу қажеттігі талқыланды.

«Уақытша проблеманы шешу үшін әкімдік тарапынан 420 млн теңге бөлініп, химиялық реагенттер арқылы қоқыспен күрес жүріп жатыр. Атап өту керек, біз өткен жылы облыс әкімдігімен бірге өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын қабылдадық. Қоршаған ортаға зиянды азайту жұмыстары сол жоспар аясында жүзеге асуда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.