433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Солтүстік Қазақстанды кешенді дамыту жоспары таныстырылды

  • 62
  • UPD: 10:50, 30.03.2021
Солтүстік Қазақстанды кешенді дамыту жоспары таныстырылды

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.

«Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін 4 бағыттан және 87 іс-шарадан тұрады», - деді Әсет Ерғалиев.

Жоспарды жалпы іске асыру сомасы 1,8 трлн теңге, оның ішінде РБ – 517,9 млрд теңге, ЖБ – 43,9 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,3 трлн теңге.

Ә.Ерғалиевтің дерегінше, АӨК, өнеркәсіп, көлік пен логистика, туризм мен спорт, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті дамыту үшін 1,4 трлн теңге сомасындағы 64 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

52 сүт-тауарлық ферма, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрама жем зауыты, жылыжай кешені және т.б. салынады. Қойма және сауда алаңдарымен қамтамасыз ету үшін «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылады. Әуе рейстерінің саны айына 16-дан 68-ге дейін артады. Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы көпсалалы туристік кешеннің құрылысы іске қосылған соң туристер ағынын жылына 100 мыңнан 280 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік туады.

«БЖК-2025» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес субъектілеріне қажетті инфрақұрылым жүргізу көзделген.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде барлық 307 тірек және серіктес ауылдарда жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері және т.б. салынып, жөнделеді.

Бұдан өзге, 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 21,7 мың пәтер салынып, пайдалануға беріледі. Өңірдегі барлық қала, тірек және спутниктік ауылдар кеңжолақты интернетке қолжеткізеді. Шамамен 2100 шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту көзделуде. Бұл 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 98%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстық көпбейінді аурухана, сондай-ақ аудан орталықтарында, тірек және серіктес ауылдық елдімекендерде 47 медициналық нысан салынады.

Үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою мақсатында 16 мектеп салынады. Сондай-ақ ерекше білімге мұқтаж балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернатын салу жоспарлануда. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша жоғары оқу орны және академиялық артықшылық орталығы құрылатын болады. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық елдімекендерге жыл сайын 300-ге жуық әлеуметтік сала маманы келеді.

«Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 26 мың жаңа жұмыс орнын құруды, шамамен 1,3 трлн жеке инвестиция тартуды қамтамасыз етеді. Өңдеуші өнеркәсіп көлемі 25%-ке және ауыл шаруашылығы өнімі 54%-ке өседі. Халықтың нақты табысы мен еңбек өнімділігі 30%-ке артады. Нысаналы көрсеткіштерге қолжеткізу нәтижесінде 2025 жылы ЖӨӨ-нің нақты өсімі 5,2%-ке артады», - деді Ұлттық экономика министрлігі басшысы.

Ақпарат көзі: ҰЭМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы