Түркістан облысында қауіпті жануар адамдарға шабуылдауда – жалған ақпарат

WhatsApp мессенджерінде Түркістан облысында адамдарға шабуыл жасайтын аса қауіпті жануардың жүргені туралы хабар тарады. Оған аузы қан ит тәрізді аңның суреті тіркелген. Бұл ақпарат – жалған, деп хабарлады stopfake.kz.

Түркістан облысының әкімдігі Сарыағаш, Жетісай және Шардара қалаларының маңында адамдардың жабайы аңның құрбаны болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

– Бұл фейк. Өңірлер бұл хабардың оларға қатысы жоқ екенін растады, – деп хабарлады ведомстводан.

Бұған дейін бұл жануардың суреті Үндістан, Пәкістан және Латын Америка елдерінде кеңінен таратылған болатын. Сондай-ақ желіде мал жегені үшін жануардың өлтірілгені туралы видео тараған.

Сырттай қарағанда фотода қоңыр гиена. Бұл жануарлар Оңтүстік Африка жағалауларында шөлді аймақтарда мекендейді және теңізге жақын жүреді. Қоңыр гиеналар жемтікпен және теңіз қалдықтарымен қоректенеді. Қазақстанда қоңыр гиеналар тіршілік етпейді.