СҚО-да 300-ден астам елді мекендегі жолдар жөнделеді

Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды.

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылға дейін кешенді жоспар аясында жергілікті маңызы бар 2 100 шақырым автожол жөнделмек. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы автомобиль жолдары мен кірме жолдардың құрылысы мен жөнделуі жоспарда. Ал өңірде өнеркәсіп саласы бойынша 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес жалпы сомасы 376,5 млрд теңгеге 4 500 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Яғни еліміздің солтүстігінде өңдеуші сала бойынша 20 жоба жүзеге аспақ. Биылдың өзінде шамамен 1 мың жұмыс орнын құру арқылы инвестиция көлемі 28,9 млрд теңге болатын 8 жобаны іске қосу жоспарланған. Іске асырылып жатқан жобалар есебінен ағаш өңдеу, фармацевтика, қағаз, жиһаз саласының дамуына серпін берілмек. Ал халықты баспанамен қамту үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың баспана салу жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 10 мыңнан астам отбасыға әлеуметтік тұрғын үй берілетін болады.