Түркістан облысының тұрғыны елорда әуежайын шулатты

28 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне әуежай қызметкерінен қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам туралы хабарлама түсті, деп хабарлады zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.

Көлік полицейлері тексеру кезінде құқықбұзушының қоғамдық орында мас күйде болып, өзін агрессивті ұстағанын, электронды темекі шегіп, ескертулерге құлақ аспағанын, осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзғандығын анықтады. Сондай-ақ ер адам құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбаған.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, оның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғандығы анықталды.

Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі, яғни алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, 441-бабының 1-бөлігі, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін тұтынуға тыйым салуды бұзу және 667-бабының 1-бөлігі, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактісі бойынша материал Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына процестік шешім қабылдау үшін жолданды.