Алматыда вирустың екі штамын емдеу бұрынғы хаттамамен жүргізіледі

Алматыда коронавирустың британдық және оңтүстік африкалық штамын жұқтырғандарды емдеу 11-хаттама бойынша жүзеге асады. Яғни ем-дом шаралары бұрынғыдай жасалады.

Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев хабарлады.

Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, мутацияланған штамдардың жұғу көрсеткіші базалық вирусқа қарағанда екі есе жоғары. Оның үстіне инкубациялық кезеңі екі есе қысқа. Бекшин қалада коронавирустың тағы бір жаңа штамы пайда болуы мүмкін деген болжамға қатысты өз пікірін білдірді.

Жандарбек Бекшин, Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Бұл жайында бізде әлі ресми мәлімет жоқ. Жалпы біз симптоматикалық белгісінен бұл жаңа штамм екенін білдік. Жаңа бір нәрсенің кіргенін түсіндік. Шұғыл түрде зерттеу жасалып британдық және оңтүстік африкалық штамм екенін анықтадық. Енді біз немен күресу керек екенін білеміз. Қазіргі уақытта барлығы осы үш штамның бар-жоғын анықтауға тырысып жатыр. Бірақ мутациялар одан да көп. Даниялық мутация, калифорниялық екі штамм, оңтүстік кореялық және жапондық штамдар да бар.

Мамандардың айтуынша, пандемия басталғалы Алматыда 33 мың 557 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 26 мың 820 адам сауығып шықты. 452 адам көз жұмған. Соңғы тәулікте 545 адам ауруханаға түскен. Мамандар карантиндік талаптарды қатаң сақтауды ескертеді.