Тоқ ішектің қатерлі ісігіне шалдыққан науқасқа ковид жұқса емін жалғастыра ма?

Қазақстанда тоқ ішектің қатерлі ісігі көбейіп келеді. Қазір ол жиілігі бойынша 5-орыннан 3-орынға көтерілген.

Дәрігерлердің айтуынша, елімізде жыл сайын 3 мың жан осы дертке шалдығады. Күн сайын 4 адам көз жұмады екен. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты ұйымдастырған онлайн-конференцияда айтылды. Мамандар ауруды ерте кезінде анықтаса емделетінін алға тартады. Елімізде диагностикалаудың заманауи әдісі де қолжетімді.

Дәрігерлердің айтуынша, дерттің дендеп кетуіне азаматтардың салғырттығы себеп. Скрининг барысында обырдың белгілері байқалса, науқас колоноскопияға жіберіледі. Өткен жылы колоноскопия жасатудан науқастардың 70 проценті бас тартқан. Дәрігерлер бұл аурудың асқынуына әкеледі дейді. Пандемия басталғалы қатерлі ісікке шалдыққан 5625 науқас коронавирус жұқтырып, 45-і ковидтік пневмониядан көз жұмған.    

Диляра Хайдарова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Басқарма басшысы:

- Егер науқастар химиялық емдеу барысында коронавирус жұқтырса, біз емді тоқтатамыз. Көптеген пациенттер мұны түсінбей жатады. Алайда вирус қысқа уақытта ағзаны дендеп, науқастың жағдайын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан біз негізгі емді уақытша тоқтатып, науқас инфекциядан арылған соң емді жалғастырамыз. Өткен жылы көп науқастарымыз коронавируспен ауырды. Біраз үзілістен соң қатерлі ісікке қарсы емді жалғастырдық.