Алматыда «Самал-2» ауданының тұрғындары 28 қабатты үй құрылысына қарсы шықты

Алматыда «Самал-2» ықшам ауданындағы 1 гектар жерге қатысты дау басылмай тұр. Қаланың тарихи-мәдени орталығындағы аумақты сатып алған меншік иесі ешкіммен санаспай көп қабатты тұрғын үй кешенін тұрғызуды көздеген. Бірақ бұған жүздеген адам наразылық білдіріп, қарсы шықты.

«Тар жерге ғимарат салынса, көше ғана емес, ауа тарылады», - дейді тұрғындар.

«Самал-2» шағын ауданындағы 12-үйдің тұрғындары аулаларындағы қандай да бір құрылыстың салынуына наразы. Себебі өздері тұратын 9 қабатты үйдің алдына 28 қабатты ғимарат бой көтерсе күн сәулесі түспей, ауа да тарылатыны сөзсіз. Әуелде қаланың бас жоспарында бұл жерде саябақ болу керек еді. Екіншіден, 131-мектеп дәл жанында орналасқан. Оған кіріп шығатын жол өте тар. Жалпы соңғы 10 жылда бұл аумақта жапсарлас салынған құрылыс нысандары көбейген.

«Құрылысты жобаламай, бей-берекетсіз салудан осындай кереғарлық пен келеңсіздік туындады», - дейді ашынған тұрғындар.

Совет Табынбаев, қала тұрғыны:

- Мына жер сілкінуді, шаң-тозаң бәрін ұмытып кетті. Оларға ақша керек. Ақша үшін мына жерге тағы төрт үйді тықпақшы. Биік үйді. Күнді, ауаны жабады, көрдіңіз ба? Одан кейін қала деген бір бастықтың уақытында салынбайдлы. Қала деген 100 жылға, 1000 жылға салынады. Соған шыдайтын үй керек, ғимарат керек. Сондықтан адамға дұрыс жағдай жасау керек. 

Мына қоршаудың артында бірнеше жекеменшік ескі үй тұр. Жердің жаңа иесі маңайды түгел қоршап алған. Қоршаудағы мына бір жазудан басқа ешқандай мәлімет жоқ. Қазіргі уақытта ескі үйлер сүріліп, тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал бұған дейін құрылысты қолдаған екінші тарап, яғни 91-үйдің тұрғындары болса көршілерінің бүгінгі жиынына қатысқан жоқ.

Марат Рамазанов, қала тұрғыны:

- Олар айтады біз осында қалайын деп едік. Олармен келістік бізге салып береміз деп үйді. Біз көшіп кетеміз, ал біздің үйлерімізді алып тастады деп. Олардың значит пландары бар застройщиктерде. 

Құрылысқа қарсы болған 12-үйдің тұрғындары бұл мәселені екі айдан бері айтумен-ақ келеді. Бірақ осы уақытқа дейін не аудандық әкімдіктің өкілдері болмаса жерді сатып алған меншік иесі олармен бетпе-бет жүздеспеген. Бұл жерде қандай құрылыс салынатыны жөнінде ешқандай мәлімет бермеген. Құрылыстың төлқұжаты да жоқ. Ал қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы болса оларға құрылыс бастау туралы ешқандай өтініш құжатының келмегенін айтты.

Авторлар: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев