Атбасарды биыл тағы да су басуы мүмкін

Ақмола облысындағы Атбасар қаласын биыл тағы да су басуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, қар өте көп. «Оның үстіне жердің тоңы да қалың», - дейді, аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері. Алайда апаттың алдын алу үшін бар жағдайды жасап жатқандарын айтады. Атышулы Атбасардың көктемгі су тасқынына деген әзірлігі қандай?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Атбасарға төнетін жалғыз қауіп – осы Жабай өзенінен. Себебі, сонау Зеренді ауданынан бастап даладағы еріген қар суының барлығы осыған келіп құяды. Содан қар мол жылдары әбден толған өзен, дәл осы арада арнасынан асады.

Соңғы рет сондай алапат апат 2017 жылы болды. Тасқынның күшті болғаны соншалық, өзенді бойлай орын тепкен 400-ден астам үй ағын судың астында қалған еді. Бірақ жергілікті халық «бұрын ақ ұлпа қанша қалың болса да, өзен еш тасымайтын», дейді. Жабайға жақын орналасқан көшелердің бірінде тұратын Олег Шишконың айтуынша, су айдынының арнасынан асуы бертінде басталған. Ал, оған дейін бірде-бір рет табиғат апаты болған емес.

Олег Шишко, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Менің мұнда тұрып жатқаныма 50 жыл болды. Осы аралықта қаншама қалың қар түссе де, су тасқыны ешқашан болған емес. Өйткені ол кезде өзеннің арнасы терең әрі таза болатын. Ал, қазір күл-қоқыс толып жатыр. Жабайдың табанын жақсылып тазаласа, мұндай апаттар болмас еді.

Жергілікті билік өкілдері болса: «өзен арнасын шама келгенше тазалап жатырмыз», дейді. Айталық, былтыр күзде қаланың тұсында бірнеше жер түрлі өсімдіктер мен артық заттардан арылған. Ал, су айдынын түбегейлі тереңдету үшін бақандай 24 млрд теңге қаражат қажет екен. «Бірақ Жабайды жақсылап тазаламаса, өзенді жағалай топырақтан тұрғызылған бөгет те алдағы жылдары сыр беруі мүмкін», - деп отыр олар. 

Марат Асқаров, Атбасар қаласының әкімі:

- Бұл тосқауыл 2015 жылы шаруашылық әдіспен салынған. Міне, 6 жыл болды тұрғанына. Өзеннің табанына күрделі тазалау жұмыстарын жүргізбесе, келесі жылы ол ағын суға шыдамауы мүмкін. Қазірдің өзінде жарықтары бар. Ал, тазалау бойынша жоба, қазір облыстық әкімдікте дайындалып жатыр.

«Ал, әзірге қолдан келер барлық алдын алу шараларын жасап жатырмыз», - дейді. Қаланың қары сыртқа шығарылып, арықтар мен су өткізу құбырлары тазалануда. Ал, Жабай өзенінің өзінде мұз жару жұмыстары басталды.

Мамандар биылғы көктем 2017 жылдың көктеміне ұқсас екенін айтады. Яғни, су тасқыны болады деген қауіп күшті.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД басшысы:

- «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша біз жердің 1,5 метрге дейін қатқанын анықтап отырмыз. Қардың 16%-ке көптігін анықтап отырмыз. Сондықтан биыл біз осы назарды Атбасар ауданына аударып отырмыз. Дайындық жүргізіп жатқан кезде ең «наихудший вариант» дейді ғой орысша, сол «наихудший сценарий» бойынша дайындық жүргізіп жатырмыз.

Айта кетейік, 2017 жылғы су тасқынынан кейін Жабай өзеніне жақын маңдағы атбасарлық 500 отбасы жаңа үйлерге қоныс аударды. Енді қауіпті аумақта тағы 67 үй қалып отыр. Ал, аудан бойынша тағы 15 ауылға, нақтырақ айтсақ, сондағы 400-ден астам үйге биыл тасқыннан қатер төнуі мүмкін.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко