Шымкентте ондаған науқас қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүр

Шымкент қаласында ондаған науқас қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүр, , деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағза трансплантациясын жасатқан жандар бірнеше айдан бері өмір үшін күресуде. Олардың «Сандиммун Неорал» препаратына тәуелді екені мәлім. Бірақ бұл дәрі биыл бірыңғай дистрибьютор тізіміне енбеген. Аса қажетті дәріге мұқтаж 100-ден аса жанның тағдыры енді не болмақ?

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Шымкент қаласының ондаған тұрғыны бірнеше ай бойы әкімшілікті жағалап жүр. Олар «Сандиммун неорал» атты дәрінің ауадай қажет екенін айтады. Препарат ағзаға салынған жаңа мүше иммунитетін дұрыс қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Алайда министрлік науқастарға арзан баламалы дәріні ұсынып отыр.

Август-Асқар Қарабеков, қала тұрғыны:

- Менің ағза ауыстырғаныма 8 жыл бойы. Біздегі мәселе дәрі мәселесі. Осы сәуірг дейін мәселе шешіледі деген еді. Міне, 2 ай өтті. Шешілмеді. Дәріміз таусылды. «Сандимунды» нақты ішетіндер 100 адам болады. Ол тегін берілу керек. Мен айына 4 қорап 50мг, 2 паска 25 мг ішуім керек.

Өмір үшін күресіп жүрген жандар амалдың жоғынан мерзімі өткен дәрі ішіп жүргендерін айтады. «Оның өзі де таусылып жатыр», - дейді ашынған жұрт. Трансплантолог дәрігерлер «министрлік ұсынған баламалы дәрінің сапасы сын көтермейді», дейді. Осындай дәрінің кері әсерінен адам өмірімен қош айтысуы мүмкін.

Мэлс Асыкбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының  трансплантолог дәрігері:

- Иә, өліміне алып келуі мүмкін. Біріншіден, мысалға бүйрек трасплантациясы кезінде бүйрегінен айырылып гемодиализге қайта түсуі мүмкін немесе бауыр, жүрек ауыстырған адамдар иммуносупрессивті дәрілерді ауыстырса, өлімге алып келуі мүмкін.

Заң бойынша мүгедек жандарға бұл дәрі тегін берілуі тиіс. Ағзасын ауыстырған адамдарға препараттар шамамен 4 айға бір рет беріледі. «Баламалы дәріде айырмашылық көп», - дейді мамандар.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бізде 100-ден аса бүйрек ауыстырған науқастар. «Сандиммун неорал» препаратты ішу керек. Біз 2020 жылы заявканы жинап, министрлікке жібердік. Дәріні сатып алу Денсаулық министрлігінің құзырлығында. Жалпы бір айдың ішінде шешу керек. Аналог біздің жұмысымыз емес. Біздің жұмысымыз тек заявка жіберу керек.

«СҚ-Фармация» «Сандиммун неорал» препаратының орнына баламалы дәріні 57 миллион теңгеге сатып алған. Бірыңғай дистрибьютордың басқарма төрағасы өзекті мәселеге былай деп жауап қатқан еді.

Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

- Баламалы дәріге не үшін ауысамыз? Өйткені негізгі препараттар үш есе қымбат және бүкіл әлем қазір осылай істейді. Біз көп адамды дәрімен қамти аламыз. Бұл жалпы тренд десек болады.

Денсаулық сақтау министрі дәрі-дәрмекке жауапты мекеменің уәжімен келіспейді. Және бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бізде бұл препараттар «СК-Фармация» деңгейінде келісілді. Мұнда бірнеше өнім жеткізушілер жіберілді, сондықтан бұл мәселе қазір қарастырылып жатыр. Біз бұл мәселеден хабардармыз. Барлыған бақылауда ұстаймыз.

Алексей Цойдың айтуынша, бүгінде бірегей дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Алайда мерзімін дөп басып айта алмады.

Халық денсаулығына жауаптылар қат дәріге қатысты мәселені кім шешетінін айтпады. Ал науқастар ертеңге күнге үміт артып, өмір үшін жанталасып жүр.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Рауль Габитов