«Хабар 24» тілшісі Жамбыл облысындағы ең ұзын бойлы сарбазмен тілдесіп қайтты

«Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы әскери бөлімшесінің қатардағы сарбазы Әсет Абулғапаров – өңірдегі ең ұзын бойлы әскери қызметші.

Оның бойы 1 метр 98 сантиметр. Ал аяғының өлшемі – 47. Алып жігіт Жамбыл облысының тау-қорықшы құрылымының артиллериялық батареясында қызмет етеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Әсет Абулғапаровты байқамау мүмкін емес. Ұзын бойы алыстан көзге түседі. Екі метрлік бойға небары бірнеше сантиметр жетпей қалды. Өзі осылай деп әзілдейді. Бойы да, ойы да биік жігіт қатарластарының алды бола білген. Ол кез келген уақытта көмекке келуге әзір.

Әсет Абулғапаров, мерзімді әскери қызметші:

- Бойым ұзын болғандықтан менен жиі көмек сұрайды. Ешкімнің бетін қаққым келмейді. Бір қызығы, есіктен кірген кезде иілуге тура келеді. Бұған етім үйреніп кетті.

Бой жағынан қиындық болмаса, 56-шы мөлшердегі киім табу Әсет үшін күрделі іс. Бірақ әскери бөлімшеде оған тиісті форма табылды.

Әсет Абулғапаров, мерзімді әскери қызметші:

- Адамдар бойымды көріп, таң қалып жатады. Киімімнің, аяқ киімімнің өлшемін сұрайды. Осылай жаратылғандықтан, ұялмаймын.

Әсеттің Отан алдындағы борышын өтеп жатқанына жарты жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында қатарластарымен достасып, әскери ортаға сіңісіп үлгерді.

Әсет Абулғапаров, мерзімді әскери қызметші:

- Жарты жылда кереуетіме де үйреніп алдым. Оның ұзындығы да менің бойыма сәйкес келеді. Аяқтарым сәл шығып тұрады, бірақ ештеңе етпейді.

Әсет – Алматы облысының тумасы. Әскерге шақырылғанға дейін жылу энергетигі мамандығы бойынша білім алған. Әскери қызметші ел алдындағы міндетін мүдірмей орындап, осы салада қызмет етуді армандайды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә