Алматыдағы Halyk Arena коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдай бастады

Алматыдағы Halyk Arena коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шешімді қоғамдық денсаулық басқармасы мегаполис тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының кеңінен таралмауы үшін қабылдады. Спорт кешеніне орташа жағдайдағы науқастар жеткізіліп жатыр. Таңертеңгі дерек бойынша провизорлық стационарлық орталықта 18 адам жатыр. Ондағы төсек саны 1000 орынға лайықталған.

Светлана Сұлтанғазиева, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі:

- Біз Halyk Arena-ны қосымша госпиталь ретінде ұстап отырғанбыз. Кешеден бастап іске қостық. Келіп түскен науқастардың жағдайы орташа деңгейде. Алдағы уақытта короновиреспен ауырғандар болса, бірақ олардың қосымша ауруы болып жатса, осында әкелеміз. Жалпы госпитальдарда жүктеме 70%-тен аспауы тиіс. Қазіргі көрсеткіш 80%. Сондықтан біз Halyk Arena-дан стационар ашуды жөн көрдік.

Алматыда соңғы дерек бойынша қауіпті вирустың 526 жағдайы тіркелді. Еске салсақ, мегополисте пайда болған соңғы штамдардың жұқтыру көрсеткіші өте жоғары. Мегаполисте соңғы уақытта тіркелген вирустың таралу жылдамдығына дәл сол себеп болып отыр.