StopMusor: Елімізде өткен жылы 8884 стихиялық қоқыс орны анықталған

Елімізде әрбір азамат жылына шамамен 500 келіге дейін қоқыс шығарады.

Бұл туралы StopMusor әлеуметтік жобасының нәтижелеріне арналған баспасөз жиынында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның экологиялық ұйымы қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның пікірінше, қалдықтардың көпшілігі тұтыну өнімдерінен және ұсақ қоқыстардан тұрады. Олар бөтелкелер, кәмпит орамдары, қораптар. Алайда елді мекендердің барлық жерінде арнайы қоқыс жәшіктер мен полигондар болмағандықтан, қалдықтар тау болып үйіліп, кейіннен стихиялық полигондарға айналады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде тек өткен жылдың өзінде 8884 стихиялық қоқыс орындары пайда болған.

«Қоқыс сыртқа лақтырылған кезде ол қаланы ластап қана қоймайды, сонымен қатар денсаулыққа қауіпті заттар шығарып, қоршаған ортаға зиян тигізеді», - дейді эколог мамандар. StopMusor жобасының барлық жұмысы адамды қалдықтарға жауапкершілікпен қарауға, қоғамдық орындарда қоқыс тастамауға үйретуге және айналасындағы адамдарды экологиялық этикетке үйрету арқылы қалалық экожүйелерді қорғауға бағытталғанын айтты. Айта кетейік, StopMusor әлеуметтік жобасы өткен жылдың 4 маусымында Дүниежүзілік экология күні қарсаңында басталған болатын.

Айгүл Соловьева, Қазақстанның экологиялық ұйымы қауымдастығының басқарма төрайымы:

- Бүгін біз экологиялық полициямен кездесіп, айыппұлды қалай өндіру керек, оны қай жағдайда төлеу керектігін талқылаймыз. Мәселен мәдениеті дамыған Жапония мен Батыста, тіпті бүкіл өркениетті елдердің барлығында қоқыс тұрмақ өз мәдениеті мен мінез-құлық нормаларын сақтамағаны үшін үлкен айыппұлдар төлеп жатады.