Ақтөбе облысында демалыс күндеріне локдаун жарияланды

Ақтөбе облысы «қызыл аймаққа» енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде соңғы тәулікте короновирус дертін жұқтырған 82 адам анықталған. Оның ішінде індеттің айқын белгілері бар 52 адам тіркелсе, 30-ы симптомсыз тасымалдаушы екендігі анықталды. Науқастардың дені Ақтөбе қаласының тұрғыны. Жұқпалы аурудың одан әрі таралуын тоқтату мақсатында науқастармен байланыста болған мың жарымға жуық азамат үй карантиніне жатқызылды. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық орындардың қызметіне бірқатар шектеу қойылды. Атап айтқанда, көрмелер мен форумдар, спорттық шараларды ұйымдастыруға тыйым салынды. Ойын-сауық орталықтары да қызметі тоқтатуы тиіс. Балабақшаларда тек кезекші топтар қабылдайды. Сауықтыру лагерьлері мен мәдениет орындары, театрлар мен концерттік залдардың да жұмысы тоқтатылды. Қалааралық, облыс ішіндегі қоғамдық көлік байланысына да шектеу қойылды. Бұған дейін 50 қонаққа дейін қабылдауға рұқсат берілген қоғамдық тамақтану орындарына 30 адамды қабылдауға ғана мұрсат бар. Демалыс күндеріне локдаун жарияланды.

Гүлбану Дәулетова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, сауда үйлері, жабық азық-түлік, азық-түлік емес базарлары, ашық ауадағы базарлар, сонымен қатар сауналар, моншалар, сұлулық салондары, шаштараздар жексенбі күндері осы аталған объектілерде локдаун болады.