433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда қаңтарда сатып алынған жаңа қоғамдық көліктер жоғалып кетті

  • 74
  • UPD: 21:59, 31.03.2021

Петропавлда күні кеше рейске шығып, жүйткіп жүрген жаңа автобустар жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр жергілікті билік сүйіншілеп 100 қоғамдық көлікке тапсырыс берген болатын. Қаңтар айында қалаға алғашқы жетеуі жеткізіліп, жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Бірақ көпке ұзамай ғайып болған.

Петропавлдағы автобустардың жағдайы бұрыннан сын көтермейді. Айта-айта жауыр болған мәселе.

Қаңтар айында петропавлдықтарды 7 су жаңа автобус таси бастады. Жолаушылар қуанды. Қоғамдық көліктер кең, әрі ыңғайлы. Не керек, кейін көзден ғайып болды.

Келді, кетті. Мына видеода біреулер жаңағы жаңа автобустарды жүк көлігіне тиеп, әкетіп жатыр. Бұл жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудырды.

Шенеуніктер осындай 100 автобус сатып алымыз деген. Бюджеттен 5 млрд теңге де бөлінді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тест-драйвтан, яғни сынақтан өтеуі тиіс. Содан сүрінген.

Бахыт Ілиясов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Сынақ кезінде автобустардан бірнеше техникалық ақау анықталды. Енді өндіруші компания оларды кері қайтарып жөндеп шығарады. Қазір сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды. Алдын ала ақша аударылды.

Бір автобус 40 млн теңге тұрады. Қоғамдық көліктер кәсіпкерлерге лизингке беріледі. Ниет білдірген тасымалдаушылар оларды маусым, шілде айларында күтіп отыр. Бұл жол ақысына әсер етпейді дейді шенеуніктер. Қазір ол 80 теңге.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы