Жамбыл облысында туыс-туғанына несие алып беріп сан соғып қалғандар көбейген

Жамбыл облысында алаяқтар айыл жияр емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар адамдардың сеніміне кіріп, несие алып беруін өтінеді. Сыйақыға кенелем дегендердің көбі осылайша сан соғып қалған. Полицейлердің айтуынша, көбіне мұндай жымысқы әрекеттер жақын туыстары мен таныстардың арасында өрбитін көрінеді. Жыл басынан бері өңірде осындай 36 дерек тіркелген.

Виктория Васильеваның қызы – алаяқтарға алданып қалғандардың бірі. Қулығына құрық бойлатпағандар оған 20 миллион теңге несие алып беретінін, оның 9 миллионы сыйақы ретінде берілетінін айтқан. Алайда қомақты қаржы бұйырмапты. Дегенмен 3 миллиондай қарыз алған. Қызын сан соқтырған оның туыстары болып шықты дейді анасы. Енді ол ай сайын 118 мың теңге несие төлеуге мәжбүр екен. 

Виктория Васильева, қала тұрғыны:

– Қызымның атынан үш банктен несие алынған. Сосын оған телефон шалып, банктен 7 миллион теңге сұра, 250 мың теңгесін өзің аласың, қалғанын бізге әкеп бересің деген. Біз ол қаржыны зейнетақы қорына салып қоямыз депті. 

Жыл басынан бері полицейлер 300-ден астам алаяқтық дерегін тіркеген. Оның ішінде интернет алаяқтық та бар. Арам пиғылдылардың әрекеттері әртүрлі. Жер кезегін жылдамдату, пәтер алып беру, тіпті балабақшаға кезектен тыс орналастырамыз деп уәдені үйіп-төгеді екен.

Нұрбол Сағындықов, облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл басынан бері алаяқтық фактілері бойынша азаматтардан 36 шағым түсіп тіркелді. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның ішінде интернет ресустардағы алаяқтық деректері күшейе түсуде. Осыған байланысты мен барлық азаматтарға қырағылық танытып, бейтаныс адамдарға ақшалар мен жинақтарын сеніп тапсырмауын ескерткім келеді. 

36 деректің 5 ісі сотқа жолданған. Полицейлердің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда, биыл алаяқтық дерегі көбейген. Құзырлы орган өкілдері былтыр мұндай деректердің аз болуын, қатаңдатылған карантин шараларымен байланыстырады.

Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сулейманова