431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда қызғалдақтың жаңа сұрпы гүлдеді

  • 257
  • UPD: 00:09, 01.04.2021

Былтыр күзде Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағына осы гүлдің 3 мың түбі егілген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді университет ғалымдары қызғалдақтың бұл түрін ел бойынша егіп, тұқымын көбейтуді мақсат етіп отыр.

Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары қызғалдақтың жаңа сұрпын университеттің ботаникалық бағынан тамашалай алады. Мұнда жаңадан қауызын жарған жауқазынның 3 мың түбі жайқалып тұр. Гүлдің жаңа түрін өсіріп, күтіп-баптау үшін университет ғалымдары 6 ай бойы тынымсыз еңбектенгендерін айтады.

Бахадур Юсупов, ботаникалық бақтың жетекшісі:

– Біз күнделікті тамыр шығарудан бастап, динамикасын зерттедік. Тамыр қалай шығып жатыр, оған қандай температура керек. Тәулігіне неше см өсіп жатыр. Оған жағдай жасағанда ғана белгілі бір күнге гүлдетуге болады. Бүгінгі күні қызғалдақтарымыз гүлдеп тұр. Біздің жұмысымыздың нәтижесі көзге көрініп тұр.

Қазақ даласы қызғалдақтың отаны саналады. Оны ғалымдар да дәлелдеген. Тіпті қызғалдақ Еуропаға Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ даласынан жетті деген де дерек бар. Оны Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да ерекше атап өткен. Осыны ескерген голландық ғалымдар ерекше сұрыптағы бірнеше жауқазын түрін ойлап тауып, елімізге сыйға тартқан болатын. Сол сұрыптың пиязшығы енді Түркістанда өсірілуде. Ғалымдар гүл өсірудің заманауи технологияларын игеруінің арқасында жауқазының 7 сортын өсіріп, гүл ашқызды.

Амангелді Апушев, биология кафедрасының профессоры:

– Басқа гүлдерге қарағанда қызғалдақты өсіру өте қиын. Өйткені, бұған температуралық жағдай керек, ылғалдылық керек. Олар уақытында жасалмаса, бұл гүлдер өліп қалады, дамымайды. Сондықтан өсіру технологиясын игеріп, биыл бірінші осындай нәтижеге жеттік. Енді біздің мақсатымыз – гүлдерді жалпы Қазақстанға таратып отыру.

Университет ғалымдары қызғалдақтың бұл түрін жаппай өсіруді қолға алмақ. Сондай-ақ жаңа сұрыптарын шығару үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы ғалымдардардың айтуынша, әлемде қызғалдақтың 3 мың түрі бар. Соның 35-сі Қазақстанда кездеседі. Ал оның 12-сі тек қазақ даласында ғана өсетін түр болып саналады. Грейг қызғалдағы Түркістан облысының Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарында кездеседі. Әсіресе, ең көп өсетін жері – Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысы. Мұнда жылда «Қызғалдақ фестивалі» өтеді. Бұл жер мемлекет қамқорлығында болу үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің қарамағына берілген.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы