QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың соңғы кезеңінен өтуде

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина өндірісі осы айда басталады және алғашқы партия сәуір айының соңында дайын болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария мәлімдеді. Ал QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынағының үшінші кезеңін шілденің 9-ында аяқтау жоспарланып отыр.

Ғылыми-зерттеу институты мен СК-Фармация арасында QazCovid-in вакцинасын жеткізуге шарт жасалды. Алғашқы партия 50 000 дозадан айына 500 мыңға дейін жеткізіледі.

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

– Қазақстандықтар QazCovid-in вакцинасын биыл сәуір айының соңында алады. Бұл кезеңдерде халықты жаппай вакциналау басталады.

Отандық ғалымдар әзірлеген Qazcovid-in вакцинасы ең алғаш сириялық атжалмандар мен макакаларға егіліпті. Ал осыған дейін зерттеу жұмыстарының алғашқы екі кезеңі өткен жылдың қараша айында аяқталған. Оған 200-ден астам қазақстандық қатысты. Алғашқы екі фазаның нәтижелері QazCovid-in инактивтендірілген вакцинасының қауіпсіз екенін, сондай-ақ антиденелер қалыптастырып, жасушалық және гуморальдық иммунитетті индукциялайтынын көрсетті дейді мамандар.

Еркен Дәуітбаев, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының директоры:

– Әлемнің барлық елдері бұрын-соңды болмаған қадамдарға баруда. Көбі әдетте зерттеулердің жалғасуына байланысты 3-кезеңді күтпейді. Ресейлік вакцина үшінші кезең бойынша зерттеуден өткен. Біздің отандық вакцинамен ұқсас.

QazCovid-in зерттеулерінің үшінші кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Ол 9 шілдеге дейін жалғасады. Оған 3000 ерікті қатысады. Сынақтар аяқталғаннан кейін алынған деректер 20 күн ішінде өңделеді. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады.

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

– Біздің 60 жылдан астам тарихы бар институтымыз Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылының маңындағы 40-әскери базада орналасқан. Қауіпті және аса қауіпті штамдарды зерттеумен айналысатын осындай институт көп тұрғыны бар елді мекендерден алшақ орналасуы керек. Бүгінгі таңда осы институттың ғалымдары 60-тан астам әртүрлі вакцина мен тест жүйелерін ойлап тауып, қолданысқа енгізді.

Мирас Дәуленов, ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміндегі басқа кандидат вакциналармен салыстырып қарасақ, 1 және 2 фазаның, 2 және 3 фазаның арасында рекордтық мерзім қысқа болған. ДДҰ-ның тізімінде әлем бойынша 268 кандидат бар десек, біздің Qazcovid-in 3-фазаға дейін жетті 14 ші болып отыр. Бұл жұмыстың үлкен нәтижесі деуге болады. Дәл осы әзірлемеге патент берілді.

Қазақстандық вакцина арнайы сақтау шарттарын қажет етпейді. Оны тоңазытқышта +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада тасымалдауға болады. Бұл вакцинаны елдің барлық аймақтарына жеткізуге мүмкіндік береді.

Нұрбек Байбосын

Сондай-ақ...