Қордай ауданында «ерекше» балаларға арналған ресурстық орталық ашылды

Қазақстанда инклюзивті білім беру күн өткен сайын қолжетімді бола түсуде. Енді Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен Ресурстық орталықтар тек облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да ашылуда.

Осылайша, «Әр алуан – бірақ тең» жобасы аясында Қордай кентіндегі түзету кабинетінің филиалдары Жамбыл облысының Масаншы және Сортөбе ауылдарында ашылды. Ал Қордай ауданының өзінде Ресурстық орталық өз жұмысын бастады. Бұдан басқа, 15 жылдан бері жұмыс істейтін Қордай түзету кабинетінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтармен толық жабдықталды. Шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» аясында өтті.

Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметінше, Қордай ауданында ерекше білім алуға қажеттілігі бар 910 бала тұрады, оның ішінде 403-інде мүгедектік бар.

«Мамандардың уақтылы және білікті көмегі «ерекше» баланың өмірін жақсартып, оның лайықты және табысты болашаққа қадам басуына мүмкіндік береді. Білім алуында ерекше қажеттіліктерді талап ететін балалар мен олардың отбасыларына керекті қолдауды Қордай ауылындағы ППТК көрсетеді. Бүгін Масаншы мен Сортөбе балаларына өз ауылдарынан шықпай-ақ көмек алуға мүмкіндік беретін тағы екі филиал ашылды. Осы жұмыс істеп тұрған аудандық ППТК дамыту жобасы ауылдық жерлерде тұратын ЕБҚ бар балаларға қызмет көрсету спектрін ілгерілету және кеңейту үшін үлгі бола алады», - деп атап өтті «ДАРА» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті – бұл кез келген ерекше бала және оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ырғақ педагогы сияқты мамандар командасының кешенді білікті көмегін ала алатын мекеме. Жыл сайын ППТК, филиалдарды қоса алғанда, дамуында түрлі ауытқулары бар 120-дан астам балаға тегін қызмет көрсете алады.