Қазақстан құрамасының қақпашылары команда абыройын соңына дейін қорғап шыға ала ма?

Футболдан Қазақстан құрамасы Украинамен тең түсті. Украина командасы бұған дейін Сен-Дениде Франциямен болған ойында есеп 1 де 1 болған еді.  Одан кейін өз алаңында Финляндиямен ұпай бөлісті. Енді міне біздің елмен болған ойында үшінші рет қатарынан дәл сондай нәтиже тіркелді. Бұл Шевченконың хет-тригі. Сонымен Киевте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойыны қалай өрбіді? Сарапшылар не дейді?

Ә дегеннен біздің жігіттер абдыраған жоқ. Қайта допты өздері ұстап, қарсыластың шамасын байқап көрді. Бірақ бірте-бірте алаң иелері де гол соқпаса істің насырға шабатынан біліп, шабуыл ұйымдастыруға көшті. Соның бірінде алаң иелері есеп ашты. Яремчук ұрымтал сәтте мүлт кеткен жоқ.

Гол жібергеннен кейін де Қазақстан құрама командасы қарымта қайтаруға асықпады. Себебі доп әлі де алаң иелерінің жетегінде еді. Руслан Малиновский мен Александр  Зинченконың әбжіл қимылы, әріптестерінің көре алатындығы және допты жусатып өргізетіндігі өз жемісін берді. Келесі сәтте Украина құрама командасының ойыншылары мүлт кетіп, есеп өзгерген жоқ. Десе де, үзіліске дейін жанымыз мұрнымыздың ұшында тұрды десек жалған айтқандық емес. Себебі қарсыластардың екі рет гол соғуға мүмкіндігі болды.

Екінші таймды біз ғана емес, бас бапкер Талғат Байсуфинов та асыға күткен секілді. Себебі бірден үш ойыншыны алаңға жіберді. Егер Ян Вороговский мен Марат Быстровтың алаңға шығатыны белгілі еді. Ал енді Каримовтың кезек алуы ешкім күтпеген шешім болды. Дегенмен бапкер сенім артқаннан кейін "Каспийдің" ойыншысы да қиындықты қасқайып күтіп алып, мачты ширатуға өз себін тигізді. Екінші тайм ауа бере Мұжықов тара басын теңестірді. Бұл жерде де жүйелі комбинация көрініс берген еді. Міне осылайша Қазақстан құрама командасы сырт алаңда ұпай бөлісті. Есеп 1:1.

Рымбек Ізғали, футбол ойындарының сарапшысы:

- Жалпы бүгінгі ойынның нәтижесі біздің бір ұпайымыз ол тарихта қалатын ұпай деп айтуға болады. Тариха қалатын ойын, тарихта қалатын нәтиже. Өйткені азулы қарсыласты, ресми ойында бірінше рет біз осындай ұпай алып отырмыз. Біз әрине осы уақытқа дейін Литвадан ұпай алып келген кезіміз болды. Осы уақытқа дейін өзіміздің деңгейіміздегі командаларда ұтып жүрміз. Бірақ осындай азулы қарсыласты мысалы жұлдыздары бар, Манчестер Сити, Аталантада ойнайтын, Италияның лидері, негізгі құрамада ойнап жүрген жұлдыздары бар Зинченко, Малиновский сияқты, Яремчук сияқты. Осындай команданы біз бірінші рет ұпай алып тұрмыз. Бұл әрине, жетістік. Бұл әрине, Қазақстанға сыйлық деп айтуға болады.

Кирилл Стадиченко, футбол ойындарының сарапшысы, журналист:

- Әлемдік футболда өкінішке орай, аты шықпаған қазақ командасы осы жолы ойынды сауатты құрды. Мүмкіндігінше шабуыл жасады, қорғаныста табанды ойын көрсете алды. Украина командасы бірнеше рет тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Қазақстан құрамасының қақпашысына тәнті болдым, екі қауіпті голды қайтара алды. Есеп тең болған соң, осы жолғы матч қызықты әрі тартысты өтті.

Иә, қақпашы Стас Покатилов пен қорғаушы Александр Марочкиннің көп еңбек сіңіргенін айтуымыз керек. Тіпті қақпашы Покатилов Мокиннен эстафета қабылдап алған секілді. Азулы қарсыластың соққыларын тойтарып, шеберлік танытты. Осылайша  Киевтегі  итжығыс түскен ойыннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеудегі алғашқы ұпайын еншіледі.

Назерке Тоқжан, Амангелді Сейтхан, Аида Қыдырбай